ШҚО-да «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ден астам дерегі анықталды
14–16 қыркүйек аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Профилактикалық жұмысқа 77 ұйым мен ведомство жұмылдырылды. Полицейлер жол және коммуналдық қызметтермен бірлесіп, жаяу жүргіншілер өткелдеріне іргелес жатқан 18 аумаққа тексеру жүргізді. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданды: жаяу жүргіншілер қоршаулары орнатылып, қосымша жарықтандыру объектілері, уақытты кері санау таблолары мен шулы жолақтар жабдықталды. Сондай-ақ жол белгілері алмастырылып, жаңа жаяу жүргіншілер өткелі салынды.
Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға ерекше назар аударылды. Мектептерде, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарында 110 әңгімелесу, дәріс пен басқосу, оның ішінде ата-аналармен 71 кездесу өткізілді.
Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 621 фактісі анықталды. Олардың қатарында жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 189 дерегі және жаяу жүргіншілердің өздері жіберген 386 құқықбұзушылық бар. Сондай-ақ көлікті масаң күйде басқарған 4 жүргізуші ұсталды.
Шығыс Қазақстан облысының полициясы барлық жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілер өткелдерінің, білім беру мекемелерінің, қоғамдық көлік аялдамаларының маңында және аулаларда аса мұқият болуға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1294564?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау