Алматыда әскери оқу орнының курсанттары Отанға адал болуға ант берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласында ширек ғасырлық тарихы бар Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында (РЭжБӘИИ) әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

Еліміздің барлық өңірінен келген 140-тан астам бірінші курс курсанты әскери борышын адал атқаруға, Қазақстан халқына, Президентіне және Конституциясына адал болуға салтанатты түрде ант берді.

Бір ай бойы олар жас жауынгер курсынан өтіп, әскери даярлықтың бастапқы негіздерін меңгерді. Шымырланып шыңдалып, әскери өмір салтына бейімделді.

Институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов болашақ офицерлерді айтулы күнмен құттықтап, бұл шараның ерекше маңызды екенін атап өтті.

– Бүгін – сіздер үшін ғана емес, бүкіл институт ұжымы үшін ерекше күн. Әскери антты оқу орнымыздың 25 жылдық белесінде қабылдап отырсыздар. Осы сәттен бастап сіздер институт тарихының бір бөлігіне айналып, әскери мектептен өткен офицерлердің дәстүрін жалғастырасыздар. Курсант деген абыройлы атақты лайықты алып жүріп, білімді табандылықпен меңгеріп, Қазақстан армиясының білікті де лайықты офицері болыңыздар, – деді генерал-майор Нұртас Қабақов.

Салтанатты рәсім барысында институт гимнінің орындалуы ерекше әсерлі сәттердің бірі болды. Оның авторы – институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов. Әскери оқу орнының символдарының біріне айналған әнұран таңдалған жолға адалдықты, ұрпақтар сабақтастығын және Alma mater абыройы алдындағы жауапкершілікті бейнелейді.

– Мен үшін әскери ант қабылдау – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы сәттен бастап Отан алдындағы жауапкершілігіміздің артқанын түсінемін. Маған артылған сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын, – деді курсант Нұриман Ермек.

Биыл әскери жоғары оқу орнына 190-нан астам курсант қабылданды. Олардың қатарында «Срочник 2.0» бағдарламасы бойынша оқуға түскен мерзімді әскери қызметшілер де бар. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында институтқа Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары да қабылданды.

Қонақтар үшін тактикалық алаңда әскери даярлық элементтері көрсетілген практикалық сабақтар ұйымдастырылып, шынайыға жақын жағдайда ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың шабуылына тойтарыс беру іс-қимылдары көрсетілді.

Соңында шараға қатысушылар оқу орталығы мен әскери институттың казармаларын аралады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1294935?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version