Аичи-Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан командалық есепте медаль жеңіп алды.
Командалық сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 4647 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Оңтүстік Корея (4779 ұпай), екінші орынды Қытай (4768 ұпай) иеленді.
Қазақстан намысын Варехин Тихон, Темірлан Абдраимов, Лев Чувашов қорғады.
Қазіргі бессайыс бағдарламасында спортшылар семсерлесу, кедергілер жолағы, жүзу және лазер-ран кезеңдерінде бақ сынады.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында Аичи–Нагоядағы Азия ойындарының төрт жүлдесі бар. Атап айтсақ, екі алтын және екі қола. Бұған дейін велоспорттан Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко чемпион атанса, ерлер арасындағы триатлонда Арлан Жанабай қола медаль иеленген болатын.
Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары Аичи-Нагояда 4 қазанға дейін жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1294925?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау