Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі құрылыс нысандарының жай-күйі талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Медет Тәтенов баяндады.
Қазіргі таңда облыста құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қаңтар-тамыз айларына белгіленген 174 млрд теңгелік жоспар артығымен орындалып, сегіз айдың қорытындысында құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 195 млрд теңгені құрады.
Бүгінде облыстық құрылыс басқармасы тарапынан бюджет қаражаты есебінен 24 әлеуметтік нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар спорт және мәдениет нысандары салынып жатыр.
Аймақ басшысы жиында құрылысы басталған әрбір нысанның жағдайына жеке-жеке талдау жасап, құрылыс деңгейі төмен нысандар бойынша жұмысты жандандыруды, ал дайындық деңгейі жоғары объектілерді қысқа мерзімде аяқтап, пайдалануға беру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
«Құрылыс саласы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жалпы көрсеткіштің оң динамикасына қарамастан, жекелеген әлеуметтік нысандардың құрылысының баяулауы алаңдатады. Әсіресе, құрылыс деңгейі төмен объектілер бойынша нақты шешім қабылдауымыз қажет. Екіншіден, дайындық деңгейі жоғары нысандарды созбалаңға салмай, белгіленген тәртіппен пайдалануға беру қажет. Үшіншіден, тұрғын үй құрылысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз ету керек. Қарағайлы ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі және оларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда болсын. Төртіншіден, құрылыстың сапасына ерекше назар аудару қажет. Ең бастысы – нысандарды сапалы аяқтап, халыққа уақтылы пайдалануға беру», – деді Берік Уәли.
Кеңесте тұрғын үй құрылысының барысы да қаралды. Биыл облыста 348,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сегіз айда 147,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қарағайлы ықшам ауданында 2024 жылдан бері салынып жатқан жалпы аумағы 67 926 шаршы метр болатын 13 тұрғын үйде 712 пәтер бар. Үш нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Қалған үйлердің дайындық деңгейі 90-95 пайызды құрайды. Оларды қыркүйек-қараша айлары аралығында кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үйлерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Сондай-ақ биыл Қарағайлы ықшам ауданында жалпы аумағы 25 мың шаршы метрден асатын 342 пәтерлік төрт несиелік тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі аудан және қала әкімдеріне құрылыс-монтаж жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша тоғыз айлық және жылдық жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1295409?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау