Ерсайын Нағаспаев Үкіметте құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру шаралары туралы баяндады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мемлекет басшысының биылғы 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша Үкіметте өткен кеңесте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының сапасын қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.

Сала экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. Бұл ретте министр әрбір нысанда құрылыс сапасы қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.

«Бүгінде Кодексте кемінде бес жыл мерзімге кепілдік міндеттемелері көзделген, ал көтергіш конструкциялар, шатыр және қасбет үшін – кемінде он жыл. Сонымен қатар мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы күшейтілді. Міндет – тексерулер санын көбейту емес, ең алдымен бұзушылықтардың алдын алу. Елеулі бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары – құрылысты тоқтатудан бастап рұқсат беру құжаттарынан айыруға дейінгі шаралар қолданылады», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Аумақтарды кешенді дамытуға және саланы цифрландыруға да ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері жоспарлау, жобалау және құрылыс үдерістерін, оның ішінде BIM технологиясын қолдана отырып, цифрлық бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай құрылыс порталы жұмыс істейді.

Бүгінде салада 352 мыңнан астам инженерлік-техникалық қызметкер және шамамен 32 мың сарапшы жұмыс істейді. Кодексте инженерлер мен сарапшыларды сертификаттауға көшу көзделген, бұл олардың жеке кәсіби жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Министрлік сондай-ақ Астана урбанистика орталығының тәжірибесін өңірлерде кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде. Әкімдіктер ғимараттардың қасбеттерін жаңартуды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды, қалалардың брендбуктерін әзірлеуді және елді мекендердің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыруды көздейтін 2026-2027 жылдарға арналған жол карталарын бекітті. Осы мақсатта Құрылыс кодексінде міндетті дизайн-код енгізілді.

Саланы дамыту жөніндегі алдағы жұмыстар өзара байланысты үш қағидатқа негізделеді: материалдар мен жұмыс сапасы, аумақтарды кешенді дамыту және құрылыс үдерісіне барлық қатысушылардың кәсіби жауапкершілігі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1295476?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version