Ақтөбеде «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының республикалық финалы өтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанның барлық өңірінен 180 оқушы Ақтөбеде бас қосып, «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының республикалық финалында өздерінің білімін, дене дайындығын, тәртібі мен командалық рухын көрсетуде.

Ойынның ашылу салтанаты Ақтөбе қаласындағы №85 жалпы білім беретін мектеп базасында өтті.

Командалар құрамында облыстық кезеңдер, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы қалалық кезеңдердің жеңімпаздары бар. Әр өңірден тоғыз қатысушыдан құралған команда бақ сынауда.

Екі күнге созылатын жарыста қатысушылар дене дайындығы, төзімділігі, ұйымшылдығы мен практикалық дағдыларын сынайтын бірқатар кезеңнен өтеді.

Ойын бағдарламасына саптық байқау және ән айту, дене дайындығы, тарихи-іздестіру зерттеу жобаларын қорғау,
атыс дайындығы және әскери-кросс кіреді. Қатысушылар саптық тәсілдерді орындап, салтанатты шерумен өтеді және саптық ән орындайды. Дене дайындығы кезеңінде кермеге тартылу және шалқасынан жатқан қалыптан денені көтеру жаттығуларын орындайды. Тарихи-іздестіру жобалары «Ардагерлерге құрмет – ұрпаққа міндет» және «Туған өлке – тұнған шежіре» тақырыптарына арналған. Сондай-ақ қатысушылар АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау бойынша атыс дайындығынан өтіп, әскери-кроссқа қатысады.

Ойын барысында тарихи жадыны сақтау мен Отан қорғаушыларға деген құрметке ерекше мән беріледі. Бұл бағыт қатысушылардың зерттеу жобаларының тақырыптарынан да көрініс табады.

Жарыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтайды. Олар I, II және III дәрежелі дипломдармен және жүлделермен марапатталады.
Сонымен қатар үздік қатысушылар «Үздік бөлімше командирі», «Әнді үздік орындағаны үшін», «Үздік киім үлгісі», «Жеке саптық даярлықтың үздігі» және «Үздік атқыш» номинациялары бойынша марапатталады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-irgiz/press/news/details/1296973?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version