Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер алаңында күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының мерзімді әскери қызметіне шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шара республикалық «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімі Асайын Байханов, ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Әскерге аттанғалы тұрған жас сарбаздарға арнаған сөзінде өңір басшысы әскери қызмет тәртіпке, жауапкершілікке, батылдық пен отансүйгіштікке баулитын мектеп екенін атап өтті.
– Отанды қорғау – абыройлы әрі қастерлі міндет. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге және әскери қызметтің беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әскери қызмет сіздердің шыңдалып, жауапты шешімдер қабылдауға және командада жұмыс істеуге үйренулеріңізге ықпал етеді деп сенемін. Осы жолдан абыроймен өтіп, әскери борыштарыңызды лайықты атқарып, елге аман-есен оралуларыңызға тілектеспін, – деді Асайын Байханов.
Өңір басшысы ұлдарын азаматтық борышын абыроймен өтеуге тәрбиелеген ата-аналарға алғысын білдіріп, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі «Сарбаз жолы» жобасының маңыздылығын атап өтті.
Асайын Байханов әскерге шақырылушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясын табыстап, оларға батылдық, табандылық және әскери қызметте сәттілік тіледі.
Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Павлодар облысынан мерзімді әскери қызметке мыңнан астам азаматты жіберу жоспарлануда. Олар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық ұланға, ҰҚК Шекара қызметіне және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне бөлінеді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1296486?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау