Қарағандыда 279 жас теннисші Қазақстан чемпионы атану үшін бақ сынауда

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Қарағандыға Қазақстанның барлық өңірінен 279 жас теннисші жиналып, ел чемпионатының жеңімпазы атану үшін бақ сынап жатыр. «Сарыарқа» үстел теннисі орталығында 2009 жылы туған және одан кіші спортшылар арасында Қазақстан чемпионаты өтуде.

Чемпионаттың ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков жарысқа қатысушыларды құттықтап, жас спортшыларға сенімділік, адал бәсеке және лайықты нәтиже тіледі.

— Өз күштеріңізге сеніп, қол жеткізген жетістіктеріңізбен ешқашан тоқтап қалмаңыздар. Бұл жарыс сіздерге спорттық шеберліктеріңізді шыңдап, шынайы бәсеке мен өзара құрмет рухын сезінуге, сондай-ақ жаңа достар табуға мүмкіндік берсін! – деді Ораз Тәуірбеков.

Ол Қарағандыдағы үстел теннисі мектебінің жоғары деңгейін де атап өтті. Бүгінде облыста бұл спорт түрімен 13 мыңнан астам адам айналысады, оның шамамен 4 мыңы – ауыл тұрғындары. Өңір спортшылары ел чемпионаттарында, клубтық турнирлерде, спартакиадаларда және халықаралық жарыстарда үнемі жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Енді Қазақстан құрамасы үшін жаңа медальдар мен жаңа есімдер сарапқа салынады. Осы күндері Қарағанды облысының төрт өкілі – Алан Құрманғалиев, Зәуреш Ақашевa, Жанерке Қошқымбаева және Альбина Жақсылықова – Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде.

Қарағандыдағы чемпионат бағдарламасына командалық, жеке және жұптық жарыстар кіреді. Әр командада бес ұл және бес қыз спортшыдан болады. Сонымен қатар командалық турнирден тыс жеке есепте тағы үш спортшы жарыс жолына шыға алады.

Жарыстың бас төрешісі Эльмира Алиеваның айтуынша, турнир жас спортшылар үшін үлкен сынақ болмақ.

— Бұл – балалар үшін маңызды турнир. Мұнда олар өздерінің дайындығын көрсетіп, медаль үшін таласып, баға жетпес жарыс тәжірибесін жинай алады. Қыздар арасында Қарағанды, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Шымкенттің командалары чемпионаттың басты үміткерлері саналады. Ұлдар арасында да осы командалар мен алматылық спортшылардан жеңіс күтеміз, – деді Эльмира Алиева.

Чемпионатты қабылдап отырған Қарағанды облысы жарысқа 20 спортшы қосты. Әсіресе қыздар құрамасына ерекше назар аударылып отыр. Оның көшбасшылары қатарында Дарья Фу мен Мария Лукьянова бар. Екі спортшы да бірден төрт санат бойынша: командалық, жұптық, аралас және жеке есепте сынға түседі.

Мария Лукьянова үшін туған жерінде өтіп жатқан чемпионаттағы мақсат айқын – алтын медаль.

— Мен үстел теннисімен алты жасымнан бері айналысамын. Бұл жарыста бірінші орын алуды жоспарлап отырмын. Қарсыластарым мықты, әсіресе Түркістан облысы мен Шымкенттен келген қыздар. Сондықтан босаңсуға болмайды, – дейді Мария.

Тағы бір жүлдеге үміткер – қарағандылық Асылхан Мағзымбеков. Оның басты мақсаты – жеке есепте жеңіске жету. Алдыңғы жастар чемпионатында спортшы Алан Құрманғалиевпен бірге жұптық сында бірінші орын алған.

Енді Асылхан келесі қадамға – ұлттық құрама сапына енуге ниетті.

— Қарсыластарымның барлығымен бірнеше рет кездескенмін, сондықтан тактикалық тәсілдеріміз де бар. Шымкент, Өскемен және Алматыдан келген спортшылар мықты бәсекелес. Егер жеңіске жетсем, бұл жаттығуды жалғастырып, өз жолыммен алға жылжып, Қазақстан құрамасына енуіме жақсы мүмкіндік болады. Одан кейін әлемдік аренада өнер көрсеткім келеді, – деді теннисші.

Жас спортшылар 27 қыркүйекке дейін ел чемпионатының медальдары үшін бақ сынайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1296581?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version