Батыс Қазақстан облысында еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Асылұлан Тұрсынұлы Досжанов мәлімдеді.
Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күні еңбек адамының беделін арттырып, жұмысшы мамандықтарына құрмет қалыптастыруға бағытталған.
Биыл еңбек инспекциясына еңбек заңнамасының бұзылуы және оны түсіндіру бойынша 2049 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 88%-ға көп. Өтініштердің басым бөлігі жалақының уақытылы төленбеуі, жұмыстан босату, тәртіптік жаза және еңбек демалысына қатысты.
Азаматтардың өтініштері негізінде 161 кәсіпорын мен ұйым тексеріліп, 191 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 134 ұйғарым беріліп, 12 млн 23 мың теңге көлемінде 58 айыппұл салынды.
Брифингте еңбек қатынастарын ресми рәсімдеудің маңызы да айтылды. Еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау, жалақыны «конвертпен» төлеу және еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шартпен алмастыру жұмыскердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін төмендетеді.
Еңбек қауіпсіздігі де басты назарда. Өндірістегі жазатайым оқиғалар бойынша 44 арнайы тергеп-тексеру жүргізіліп, 44 адам зардап шеккен. Оның ішінде 5 адам қаза тауып, 21 адам ауыр жарақат алған.
Департамент еңбек заңнамасын сақтау, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады.
ӨКҚ – Ақпарат
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-enbek/press/news/details/1297822?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау