ШҚО-да туризм саласында 124 млрд теңгеге бес ірі жоба жүзеге асырылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан – тауы, көлі, орманы мен тарихи-мәдени нысандары мол өңір. Соңғы жылдары осы мүмкіндікті туризм саласын дамыту жолында пайдалану үшін жолдар, демалыс орындары, жағажайлар мен инженерлік желілер кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. 

Жазғы туристік маусымның қорытындылары Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте таныстырылды.

Жыл басынан бері облысқа 195 мың турист келген. Оның 189 мыңы-ел азаматтары, 6 мыңнан астамы – шетелдіктер. Өткен жылы Шығыс Қазақстанда шамамен 450 мың адам саяхаттаған. Бұл көрсеткішке автокөлікпен өз бетінше саяхаттайтын немесе шатыр тігіп демалатын азаматтардың барлығы бірдей кірмейді.

Келушілер санының артуына қарай орналастыру орындары да көбейіп келеді. 2026 жылдың екінші тоқсанында облыста 447 нысан жұмыс істеп, олардың жалпы сыйымдылығы 22,3 мың төсек-орынға жетті. Көрсетілген қызмет көлемі 5,2 млрд теңгені құрады.

Аймақта демалыстың бірнеше негізгі бағыты қалыптасқан. Катонқарағай мен Үлкен Нарын сауықтыру және экологиялық саяхатқа қолайлы. Алтай, Глубокое және Риддер белсенді демалыс пен тау-шаңғы спортына бейімделген. Марқакөл мен Зайсан табиғат аясындағы сапарларымен ерекшеленсе, Өскемен, Ұлан және Глубокое аумағы демалыс күндеріндегі қысқа сапарларға мүмкіндік береді.

Катонқарағай ауданы табиғат аясындағы тынығу мен сауықтыруға сұраныс жоғары аумақтардың бірі. Мұнда қонақ қабылдайтын орындарды көбейту, жеке үйлерді саяхатшыларды орналастыруға бейімдеу және қызмет сапасын жақсарту көзделген. Берел мен Коробиха ауылдарының Қазақстанның 2026 жылғы үздік туристік ауылдарының бестігіне енуі де ауданның әлеуетін көрсетеді.

Бұқтырма су қоймасы жағалауында да бірқатар нысан жаңартылуда. Жаңа Бұқтырма аумағында жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілері жаңғыртылып жатыр. Қоғамдық жағажайда медициналық пункт, санитариялық тораптар мен киім ауыстыратын кабиналар жабдықталды.

Ұлан ауданындағы Сібе көлдерінде жағалау аумақтарын абаттандыру жалғасуда. Шалқар көліне апаратын кірме жол жөнделіп, демалушыларға қажетті жағдай жасалды. Өскемендегі «Самал» және «Котлованы» жағажайларында тазалықты сақтау, қауіпсіздікті күшейту және аумақты ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

Шығыс Қазақстанның табиғи және тарихи ерекшеліктерін танытуда мәдени, этнографиялық және спорттық шаралардың орны бөлек.

Биыл Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі өтті. Марқакөлде «Марқакөл – Шығыстың маржаны» фестивалі ұйымдастырылса, Самар ауданында «ОУПЕН ЭЙР Сарыбел» музыкалық фестивалі көрермен жинады. Мұндай жобалар аудан-аймақтардың ерекшелігін кеңінен танытып, жаңа саяхат бағыттарына қызығушылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Салаға инвестиция тарту жалғасып келеді. Қазіргі уақытта «Katon Park Resort», «ФОРЕСТ ХИЛС», «ОРНЕК АУЛЫ», «УЛАР ПАРК» және Медведка орманшылығы аумағындағы жайлы шатырлы демалыс орындарын қамтитын бес ірі жоба жүзеге асырылуда.Олардың жалпы инвестициялық көлемі 124 млрд теңгені құрайды.

Өскемен маңындағы Горная Ульбинка ауылы аумағында да жаңа экопарк салу жоспарланған. Жобаға 40 гектар жер қарастырылған. Мұнда жаяу серуендеуге арналған жолдар, балалар және спорт алаңдары, табиғатты тамашалайтын орындар қарастырылады. Экопарк бір мезетте 2 мыңнан астам адамды қабылдай алады.

Алдағы міндеттердің бірі – облыста жылдың төрт мезгілінде де демалуға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру. Бұл үшін көлік қолжетімділігін арттыру, жол сапасын жақсарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызмет көрсету деңгейін көтеру және мамандар даярлау маңызды.

Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай салу жобалары да шалғай аумақтарға жетуді жеңілдетуге бағытталған.

Қазір Катонқарағайға жылына шамамен 100 мың адам келеді. Алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 250 мыңға дейін жеткізу жоспарланған. Зайсанда келушілер санын 23 мыңнан 136 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр.

 Шығыс Қазақстандағы жаңа жобалар, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту, демалыс орындарын көбейту жергілікті кәсіпкерлікке де қосымша мүмкіндік береді. Табиғи және тарихи мұраны сақтай отырып, облыста маусымға тәуелді емес, жыл бойы сұранысқа ие демалыс жүйесін қалыптастыру көзделген.

 Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1297721?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version