Еңбек күні қарсаңында қазақстандықтар жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасын білдірді

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Еңбек күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізді. Зерттеу барысында қазақстандықтардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасы және қоғамдағы еңбек адамдарының орны туралы пікірі зерделенді.

Сауалнамаға 1 305 адам қатысты.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қоғамда еңбек адамына деген құрмет жоғары деңгейде. Сауалнамаға қатысушылардың 76,2%-ы еңбек адамына құрмет көрсетуді маңызды қоғамдық құндылық деп бағалаған.

Қатысушылар сондай-ақ елдің алдағы дамуы үшін аса маңызды деп санайтын мамандықтар мен салаларды атады.

Сауалнамада ең жоғары көрсеткіш құрылысшыларға тиесілі. Қатысушылардың 20,3%-ы құрылысшылардың ел үшін маңызы жоғары екенін атап өткен.

Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін 16,7% респондент маңызды мамандардың қатарына қосты.

Қазақстанның болашағы үшін өнеркәсіп өндірісінің қызметкерлерін 14,8%, ал электр мамандарын 14,4% респондент маңызды деп санайды.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылар дәнекерлеушілердің, коммуналдық қызмет мамандарының, механиктердің, жүргізушілердің, аспаздардың, слесарьлар мен машинистердің еңбегін де жоғары бағалаған.

Зерттеу барысында өз еңбегімен өзгелерге үлгі болып жүрген жұмысшы мамандарға да ерекше назар аударылды.

Респонденттердің 19,5%-ы жетістігі бүкіл елге үлгі боларлық жұмысшы мамандарды нақты білетінін айтқан.

Ал 51,6% қатысушы жұмысшы мамандарының жетістігі мен еңбегі тұтас бір саланың дамуына қосқан үлесі тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Сондықтан олардың арасынан жекелеген адамдарды бөліп көрсету қиын немесе қажет емес деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың 47,7%-ы еңбек адамдарының қоғамдағы жағдайына және осы бағытта елде қабылданып жатқан шараларға көңілі толатынын білдірді.

Сондай-ақ 41,2% респондент жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырып, қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі еңбек адамдарының ел дамуына қосқан үлесін түсінетінін көрсетті. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін одан әрі арттыру қажет екені де байқалады.

Еңбек күні – елдің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген барлық маманға құрмет білдіретін, еңбектің қадірін тағы бір еске салатын күн.

Анықтама: Сауалнамаға 1 305 адам қатысты. Олардың 53,1%-ы – әйелдер, 46,9%-ы – ерлер. Сауалнама жүргізілген кезде қатысушылардың 61,2%-ы жұмыс істеп жүрген азаматтар болған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1299267?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version