ҚЫЗЫЛҚҰМДА ҚЫРУАР ЖҰМЫС БАР
Билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайтып, халықтың талап-тілегіне құлақ асу – уақыт талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тұрғындармен кезекті кездесуі Қызылқұм ауылдық округінде өтті.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «ӘДІЛЕТ» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Қахарбай Исаев пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, тиісті салаға жауапты бөлім басшылары, құзырлы орган өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Қызылқұм ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарды саралап, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді ашық талқылау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында өткен жүздесуде тұрғындар ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, жеңілдетілген жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету, ағын су мәселесі, жекеменшік каналдарды мемлекет меншігіне өткізу және оларды бетондау мәселелері сөз болды. Округ дамуының маңызды салалардың бірі саналатын кәсіпкерлікті қолдау бағыттары бойынша да ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, жолда жүру ережелерінің сақталуы үшін жол бойларына қажетті қауіпсіздік белгілерін орнату, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту мен көшелерге жарықшамдар орнату мәселелері көтерілді.
Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді тікелей жеткізіп, нақты сұрақтарын қойды. Серік Үсенұлы әрбір сауалға жауап беріп, айтылған ұсыныстар мен өтініштер бойынша жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстауды тапсырды.
«Қызылқұмдықтардың талап-тілегі мен ұсыныстары – округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты мәселелер. Елді мекендердің өркендеуі ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудан, ауыл инфрақұрылымын жақсартудан және халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асудан басталады.
Бүгінде округте қыруар жұмыс жүргізіліп жатыр, алдағы атқарар жұмысымыз бұдан да көп» деді аудан басшысы.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1299268?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау