Ақтөбе облыстық мәслихатының XXVII сессиясы бір минуттық үнсіздікпен басталды. Депутаттар мен жиынға қатысушылар Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды. Оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Осыдан кейін депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кірісті. Негізгі мәселелердің бірі – облыс әкімі Асхат Шахаровтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі болды.
Өз сөзінде өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, инвестициялық жобаларды іске асыру, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарын салу, ауыл шаруашылығын, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға тоқталды.
Асхат Шахаровтың айтуынша, биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша облыстағы экономикалық өсімнің физикалық көлем индексі 101,6%. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй құрылысы және сауда салаларында оң динамика байқалады.
Облыс әкімі инвестиция тарту мәселесіне жеке тоқталып, оны өңір экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Оның сөзінше, сегіз айда облысқа 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
Биыл жалпы құны 155 млрд теңгеден асатын, 600-ге жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде алты жоба пайдалануға берілді, тағы төрт жобаны жыл соңына дейін аяқталмақ.
Қолға алынған жобалардың қатарында әрқайсысының қуаты 50 МВт құрайтын екі жел электр станциясы, металды жөндеу және өңдеу орталығы, сауда ойын-сауық орталығы, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру көлемін кеңейту және газ электр станциясының құрылысы бар. Жыл соңына дейін тағы төрт жоба, оның ішінде әрқайсысының қуаты 100 МВт құрайтын екі жел электр станциясы, дәрілік заттарды сақтау қоймасы және Ақтөбе станциясында рельстерді дәнекерлейтін кәсіпорынды пайдалануға беру күтілуде.
«Біз үшін инвестицияның статистикадағы көрсеткіш болып қана қалмай, жаңа өндірістерге, жұмыс орындарына және өңірдің қосымша экономикалық әлеуетіне айналуы маңызды. Бұл ретте экономиканың одан әрі өсуіне жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға аса көңіл бөлу қажет. Әрбір іске асырылған жоба өңірге нақты нәтиже беруі тиіс – өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, халық табысының өсуіне ықпал етуі тиіс. Біздің міндетіміз – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және бизнестің Ақтөбе облысына одан әрі инвестиция салуға мүдделі болатын жағдай қалыптастыру», – деді Асхат Шахаров.
Арнайы және индустриялық аймақтарды дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы және «Хромтау» индустриялық аймағына инфрақұрылым тарту үшін қажетті құжаттар әзірленіп, қаржыландыру мәселесі пысықталуда.
2026 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 16,5 млрд теңге қарастырылған. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 67 шаруашылыққа жалпы сомасы 8 млрд теңгеге несие берілді. Жыл соңына дейін 550 мың тоннадан астам астық жинау күтілуде. Бұл былтырғы көрсеткіштен 16%-ға немесе 87 мың тоннаға жоғары.
2026–2028 жылдары ауыл шаруашылығында жалпы құны 58 млрд теңгеден асатын 10 перспективалы жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Ramazan Qus» құс фабрикасын кеңейту және «Qazaq groats» компаниясының булгур бидай жармасын өндіру жобаларына жалпы сомасы 5,8 млрд теңге қаржы бөлінді.
Жол саласында да ауқымды жұмыстар жалғасуда. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Осы қаржы есебінен 95 жобаны іске асырып, жергілікті маңызы бар 297,3 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 85%-ға жеткізу көзделуде.
Республикалық маңызы бар жолдарды, оның ішінде «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Бозой – Сексеуіл» бағыттарындағы учаскелерді салу жұмыстары жалғасуда. Жобалар аяқталғаннан кейін жолдардың өткізу қабілеті тәулігіне 3 мыңнан 35 мың автокөлікке дейін артады.
Тұрғын үй құрылысы да маңызды бағыт болып қала береді. 2026 жылы 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді халық игілігіне беру жоспарланған. Сегіз айда 522 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік салада білім беру мен денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыста 11 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 11 400 оқушы орнына арналған 14 мектептің құрылысы аяқталды.
Денсаулық сақтау саласында Шалқар, Мұғалжар және Хромтау аудандарының аудандық ауруханаларына қосымша корпустар салынып жатыр. Бұл мақсатқа 5,3 млрд теңге қарастырылған. Ойыл және Байғанин аудандық ауруханаларында, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №7 қалалық емханада күрделі жөндеу аяқталды.
Облыс орталығында жаңа драма театры бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған болашақ «Әлия» орталығының құжаттары әзірленуде.
Өңірде 15 спорт нысаны салынуда, оның сегізі аяқталды. Ақтөбе қаласында құны 1,6 млрд теңге құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 35 мың көрерменге дейін қабылдайтын жаңа стадионның құрылысы жалғасуда.
Интернетке қолжетімділікті арттыруға да аса көңіл бөлінуде. Биыл 12 ауылдық елді мекенді интернетпен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде төрт ауылға интернет желісі қосылды. Ауыл халқының интернетпен қамтылу деңгейін 97,3%-дан 98,8%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. 5G желісімен Ақтөбе қаласы және облыстың жеті елді мекені қамтылған.
Облыс орталығында бірқатар жоба инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Есет батыр шағын ауданында 845 пәтерге арналған төрт үйдің құрылысы аяқталды. Тағы бір 288 пәтерлі үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Төрт тұрғын алапта су құбыры желілері салынбақ, тағы жеті тұрғын алап бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде сумен жабдықталған тұрғын алаптардың санын 50-ге жеткізу көзделген.
Қаладағы су ресурстарын арттыру мақсатында бес ірі жоба іске асырылуда. Олардың қатарында «Сарыбұлақ» және «Моисеев» жобалары бар. «Сарыбұлақ» жобасына Арнайы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар, өңір басшысының мәлімдеуінше, кәріздік тазарту құрылыстарының құрылысы басталды. Газдандыру бағытында Сазды-3 шағын ауданында жұмыстар жүргізіліп, Жаңа ауыл-3 бойынша жоба әзірленуде. Бұл жобалар іске асырылғаннан кейін қаладағы барлық 54 тұрғын алапқа көгілдір отын тартылады.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста жалпы сомасы 2 млрд теңгеге 199 жоба мақұлданып, 243 жұмыс орны құрылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша 133 маманға 1,3 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие беру жоспарланған.
«Атқарылып жатқан барлық жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүйелі түрде орындау және бүгінде өңір алдында тұрған міндеттерді шешуге бағытталған. Біз үшін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу ғана емес, басталған жобаларды облыс тұрғындары күтетін нақты нәтижеге дейін жеткізу маңызды. Мемлекеттік органдар, депутаттық корпустың және халықтың бірлескен жұмысы өңірдің одан әрі дамуына жағдай жасап, алға қарай жүйелі түрде жылжуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп атап өтті облыс әкімі.
Енді депутаттардың алдында ұсынылған көрсеткіштерді қарау ғана емес, облысты дамытудың алдағы басым бағыттарын айқындау міндеті тұр. XXVII сессия барысында 2026–2028 жылдарға арналған бюджетке және 2026–2030 жылдарға арналған Ақтөбе облысының даму жоспарына қажетті өзгерістер де енгізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1299104?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау