Солтүстік Қазақстан облысында сегіз айда 342 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 28 адам қаза тауып, 490 адам жарақат алды. Бұл сандардың әрқайсысының артында адамдардың денсаулығы мен отбасылардың қайғысы тұр. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының алдын алу – құқықтық тәртіп сақшыларының басты міндеттерінің бірі.
27 қыркүйек күні кешке облыс орталығынан шығар жолдағы «Астана – Петропавл» автожолының 472-шақырымында полицейлер кезекті профилактикалық рейд өткізді. Көлік ағынын бақылау және Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтау үшін тәртіп сақшылары жолдың жүру бөлігін қысқа уақытқа тарылту әдісін қолданды. Белгілер мен конустардың көмегімен көлік қозғалысы баяулатылып, инспекторларға жүргізушілермен тікелей сөйлесуге мүмкіндік берілді.
СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Жұмалиев атап өткендей, мұндай формат жол қозғалысына қатысушылардың көлік басқару кезіндегі әрекетіне назар аударуға және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді. Жүргізушілерге жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, сондай-ақ ұзақ жолға шыққанда міндетті түрде демалу қажеттігі ескертілді. Мұндай іс-шаралар облыстың әртүрлі учаскелерінде, оның ішінде дрондарды пайдалана отырып, тұрақты түрде өткізіледі.
Рейд барысында әкімшілік шаралар да қабылданды. Полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі оқылмайтын көлік басқару, құжатсыз көлік жүргізу және жарықтандыру аспаптары ақаулы көлікті басқару фактілері бойынша он хаттама толтырды. Сонымен қатар балаларды арнайы ұстап тұратын құрылғыларсыз тасымалдаудың екі фактісінің, көліктерді заңсыз қайта жабдықтаудың екі дерегінің және автокөліктің техникалық жағдайына қатысты үш бұзушылықтың жолы кесілді.
Тәжірибе көрсеткендей, жолда ұсақ құқық бұзушылық болмайды. Құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде анықтау және жолдардағы тұрақты бақылау – полицияның қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға және адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысының практикалық негізі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1300400?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау