Ауыл мектебі – білім мен тәрбиені қатар алып жүретін, жас ұрпақтың қалыптасуына негіз болатын маңызды орта. Осындай ортада кәсіби жолын жалғастыруды таңдаған педагогтердің бірі – Жумабаев Элдар Улугбекұлы, биология және химия пәндерінің мұғалімі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі. Ол Түркістан облысы, Түркістан қаласынан Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданының Ынтымақ ауылына қоныс аударып, бүгінде Ынтымақ мектебінде еңбек етіп келеді.
Элдар Улугбекұлы жоғары білімін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде алды. 2016–2020 жылдары бакалавриатта білім алып, 2020–2022 жылдары магистратураны тәмамдап, жаратылыстану ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді.
Еңбек жолының бір кезеңінде Түркияның Анталья қаласында бір жыл туризм саласында қызмет атқарып, тәжірибе жинақтады. Кейін кәсіби жолын білім беру саласымен байланыстыруды таңдап, Ынтымақ ауылына қоныс аударды. Осылайша оның ұстаздық жолы Ынтымақ мектебінде биология және химия пәндерінің мұғалімі ретінде жалғасты.
Басты бағыт – қызығушылықты нәтижеге ұштастыру
Ынтымақ мектебіндегі жұмысының негізгі бағыттарының бірі – оқушылардың биология мен химия пәндеріне қызығушылығын арттыру, пәндік білімін тереңдету және ғылыми ойлау дағдыларын қалыптастыру.
Сабақ барысында теориялық білімді тәжірибемен байланыстыруға, ақпаратты талдауға, себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға және өздігінен ізденуге мән беріледі. Пәнге ерекше қызығушылық танытқан оқушылармен қосымша жұмыс жүргізіліп, олимпиадалық дайындық ұйымдастырылады.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Ынтымақ мектебінің оқушылары химия пәнінен «IQanat» олимпиадасының республикалық кезеңіне дейін жетіп, республикалық деңгейде білімдерін көрсетті. Ал биология пәнінен Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
«Олимпиададағы нәтиже – атқарылған жұмыстың бір көрсеткіші ғана. Мен үшін басты мақсат – оқушының пәнге қызығушылығын терең білімге ұштастырып, өздігінен ізденуіне, алдына мақсат қоя білуіне бағыт беру. Ұстаздық қызметте тек білімді оқушы дайындау жеткіліксіз. Білімін орынды пайдалана алатын, жауапкершілікті сезінетін, ойы қалыптасқан саналы ұрпақ тәрбиелеу маңызды», – дейді Элдар Улугбекұлы.
Алдағы мақсат – тұрақты нәтиже мен жүйелі жұмыс
Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – Ынтымақ мектебінде қалыптасқан жұмысты жүйелі жалғастырып, биология мен химияға қызығушылық танытатын оқушылардың әлеуетін одан әрі дамыту. Қабілетті оқушыларды ертерек анықтау, олимпиадалық дайындықты жүйелеу және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі.
Сонымен қатар оқушыларды тек пәндік олимпиадаларға дайындаумен шектелмей, ғылыми мәселені талдауға, тәжірибе жүргізуге, дәлелді қорытынды жасауға және алған білімін өмірде қолдана білуге бағыттау көзделеді.
Бүгінде Ынтымақ мектебіндегі жұмыстың нақты нәтижелері бар: химиядан – республикалық кезең, биологиядан – облыстық деңгей. Ендігі мақсат – осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, оқушылардың пәндік білімі мен зерттеушілік қабілетін одан әрі дамыту.
Түркістаннан Ұлытауға қоныс аударып, кәсіби жолын Ынтымақ мектебімен байланыстырған Элдар Жумабаев үшін ұстаздық қызметтің негізгі мақсаты – шәкірттің білім нәтижесімен қатар, оның тұлғалық қалыптасуына да бағыт беру. Білімге қызығатын, іздене білетін, өз мақсатын айқындай алатын саналы ұрпақ тәрбиелеу – осы жұмыстың басты бағдары.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-zhanaarka/press/news/details/1300022?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау