1. Ұңғыма – жерасты суын алу үшін пайдаланылатын гидротехникалық құрылыс. Әдетте оны қала, ауыл және жеке сектор тұрғындары, шаруалар, сондай-ақ өндірістік қажеттіліктері үшін кәсіпорындар пайдаланады.
Жерасты суы жерүсті су нысандарымен гидравликалық байланыста болады. Сондықтан суды бақылаусыз алу өзендердің де, жерасты су көздерінің де сарқылуына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты жаңа Су кодексі жерасты суын қорғауды күшейтіп, ұңғыма иелеріне нақты міндеттер жүктеді.
2. Ұңғыма иесі нені бақылауға міндетті?
ҚР Су кодексінің 45 және 92-баптары
Су тарту нысандарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар жерасты суының деңгейі мен сапасына мониторинг жүргізуге, сондай-ақ олардың ластануы мен сарқылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауға міндетті. Ұңғымаларда су деңгейін бақылауға арналған құрылғылар, ал өздігінен атқылайтын ұңғымаларда манометрлер пайдаланылуы тиіс.
Бұдан бөлек, егер жерасты суының қоры ауыз сумен жабдықтау үшін бекітілген болса, ұңғыма иесі кен орнында санитариялық қорғау аймақтарын ұйымдастыруға міндетті.
3. Мониторинг бағдарламасы қашан міндетті болады?
ҚР Су кодексінің 45-бабы
Жерасты суын тәулігіне 1 000 текше метрден астам көлемде алған кезде міндетті талаптардың бірі – жерасты суының мониторингі бағдарламасының болуы.
Бағдарламада мыналар көрсетіледі:
•бақылау желісінің құрамы мен құрылымы;
•бақылау жүргізу мерзімі мен тәртібі;
•жерасты суының шығыны;
•динамикалық және статикалық деңгейлері;
•жерасты суының химиялық құрамы.
Мониторинг нәтижелері Ұлттық гидрогеологиялық қызметке ұсынылуы қажет.
4. Ал ұңғыма бұдан былай пайдаланылмаса ше?
ҚР Су кодексінің 92-бабы
Пайдаланылмайтын немесе пайдалануға жарамсыз гидрогеологиялық ұңғымаларды жай ғана қараусыз қалдыруға болмайды. Олар консервациялануы немесе жойылуы тиіс. Бұл – ұңғыма иесінің міндеті.
Иесі жоқ өздігінен атқылайтын ұңғымаларға қатысты бұл жұмыстарды Ұлттық гидрогеологиялық қызмет атқарады.
5. Жерасты суының маңында не істеуге тыйым салынады?
ҚР Су кодексінің 92-бабы
Егер жерасты суы ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылса немесе пайдаланылуы мүмкін болса, тиісті кен орындары мен учаскелерінің шекарасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, сондай-ақ олардың жай-күйіне әсер етуі мүмкін объектілерді орналастыруға тыйым салынады. Оларға, оның ішінде қоқыс полигондары, зираттар, мал қорымдары, радиоактивті және химиялық қалдықтарды көму орындары жатады.
Сондай-ақ жерасты суының жай-күйіне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін болса, жерлерді тазартылмаған ағынды сумен суаруға тыйым салынады.
6. Құрылыс кезіндегі талаптар
ҚР Су кодексінің 92-бабы
Жерасты суын пайдалануға байланысты құрылыстарды орналастыру, жобалау, салу және пайдалануға беру кезінде олардың жерүсті су нысандарына және қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмайтын шаралар көзделуі тиіс.
7. Бұл неге маңызды?
ҚР Су кодексінің 93-бабы
Жерасты суын ауыз сумен жабдықтау үшін пайдалануға болады. Сондықтан олардың жай-күйін тұрақты түрде бақылау қажет. Бұдан бөлек, Кодекс ауыз суға жарамды жерасты суын басқа мақсаттарға пайдалануға жол бермейді, егер сумен жабдықтаудың өзге көздері бар болса және осы жерасты суы ауыз судың баламасыз көзі болып табылса.
#Заңжәнетәртіп@QR_Su_resurstari_ministrligi
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1300503?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау