Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Берлин қаласында екі елдің іскер топтарының қатысуымен Қазақстан-Германия бизнес-форумы өтті.
Форумның панельдік сессиясының ашылуы барысында Ерсайын Нағаспаев екіжақты өзара іс-қимылдың, оның ішінде өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды. 2005 жылдан бері Германияның ҚР экономикасына салған тікелей инвестицияларының көлемі $8 млрд-тан асты, оның шамамен 90%-ы өңдеу өнеркәсібі секторына бағытталған. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық портфельге жалпы құны $54,2 млрд болатын 44 инвестициялық жоба кіреді. Олардың қатарында CLAAS, Linde, Siemens, Heidelberg Materials, Knauf және басқа да компаниялардың өндірістері бар.
«Қазақстан неміс бизнесімен тығыз әрі сенімді серіктестік орнатуға ашық. Озық технологияларымызды, инвестицияларымыз бен ресурстарымызды біріктіре отырып, елдеріміздің экономикаларының игілігі үшін сенімді әрі орнықты өнеркәсіптік кооперация құра аламыз. Ортақ саяси ерік-жігер мен сындарлы диалогтың арқасында екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нақты мазмұнмен байыта түсетінімізге сенімдімін», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Форум алаңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ГФР Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхемен кездесті. Тараптар минералдық-шикізат базасын игеру, технологиялар трансфері және терең өңдеуді дамыту сияқты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша серіктестікті тереңдетуге және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған Өнеркәсіп, технология және шикізат саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды.
Сондай-ақ министрлік WILO Central Asia компаниясымен Сорғы жүйелерін локализациялауды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Deutsche Bahn AG компаниясымен бірлесіп Теміржол машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1301430?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау