Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаштың төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері бойынша жиын өтті.
Жиында қаладағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы, жылу және электр желілерінің техникалық жағдайы, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаевтың айтуынша, жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Қаладағы әлеуметтік нысандардың жылыту кезеңіне дайындығы қамтамасыз етілуде.
– Жылу желілерінің техникалық жағдайын бағалау мақсатында магистральдық және шағын ауданішілік желілерге гидравликалық сынақ жүргізілді. Нәтижесінде анықталған ақаулар бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда жұмыстардың басым бөлігі аяқталды, – деді Бексұлтан Шалабаев.
Жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында 4 және 5 шағын аудандарда жалпы ұзындығы 28,3 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаладағы жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалар әзірленіп, оларды қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тозған электр желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Жиын барысында қала әкімі Мақсат Мұқаш жылыту маусымына дайындық жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.
– Жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық әрі сапалы аяқталуы тиіс. Әрбір жауапты мекеме өз бағыты бойынша анықталған мәселелерді уақытылы шешіп, белгіленген мерзімдерді сақтауы қажет. Тұрғындарды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді Ақтау қаласының әкімі.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, анықталған ақауларды жою және инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1301677?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау