Қазақстанда дәнді және майлы дақылдар егістігін топырақтағы ылғал тапшылығынан сақтандыру маусымы аяқталды. Өткен маусымда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер суарылмайтын жерлердегі 517,4 мың гектар егіс алқабын сақтандырды. Сақтандыру жағдайлары бойынша шаруаларға 5,1 млрд теңге өтемақы төленді.
Ресми деректерге сәйкес, егістікті құрғақшылықтан сақтандыру аясында барлығы 330 шарт жасалған. Сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасы 3,4 млрд теңгені құрады. Оның 80%-ын мемлекет субсидиялады. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз қаражаты есебінен төлеген сомасы 687,6 млн теңге болды. Осылайша, шаруалар сақтандыруға өз қаражатынан жұмсаған әрбір 1 теңгесіне шамамен 7,5 теңге көлемінде сақтандыру төлемін алды.
Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, сақтандыру қорғанысы қолданыста болған кезеңде еліміздің он өңірінде топырақтағы ылғал тапшылығынан туындаған орташа, едәуір және қатты құрғақшылық тіркелді. Атап айтқанда, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрғақшылық қаупі анықталды. Аталған тәуекел тіркелген егіс алқаптарының жалпы көлемі 385,4 мың гектарды құрады.
Сақтандыру мерзімі әр өңірдің климаттық ерекшеліктеріне қарай белгіленді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында сақтандыру қорғанысы 2026 жылғы 15 наурыздан 15 маусымға дейін қолданыста болды. Ал Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында сақтандыру мерзімі 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін созылды.
Сақтандыру кезінде ауыл шаруашылығы дақылдарының вегетация кезеңіндегі әр түрлі уақытта туындайтын ылғал тапшылығын ескеруге мүмкіндік беретін екі және үш фазалы сақтандыру өнімдері қолданылды. Сақтандыру жағдайлары тіркелген кезде барлық қарастырылған фазалар бойынша төлемдер жүргізілді: дәнді дақылдар үшін үш фазаның, ал майлы дақылдар үшін екі фазаның әрқайсысы бойынша өтемақы төленді.
Сонымен қатар кейбір шаруалар болашақ егінін сақтандыруды маусым басталмай тұрып қолға алған. Сақтандырылған 517,4 мың гектар егіс алқабының 98,1 мың гектары 2025 жылдың желтоқсан айында сақтандыру қорғанысына алынған.
Маусым қорытындысы ауа райына байланысты тәуекелдің ауқымын ғана емес, оның салдарын өтеу үшін іске қосылған қаржылық тетіктің де көлемін көрсетеді.
Сақтандыруға өтінім беруден бастап шарт жасасу және сақтандыру төлемін алуға дейінгі барлық процесс Kezekte.kz платформасында электронды форматта жүзеге асырылады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ агросақтандыру операторы болып табылады. Корпорация аграршылардың тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау тетігін іске асыруды қамтамасыз етеді.
Дереккөз: https://agrocredit.kz/ru
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1301675?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау