Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелеріне арналған эксперттік кеңес өтті.
Іс-шараға Атырау облысы Полиция департаментінің, облыстық құрылыс басқармасының, кәсіподақ бірлестігінің, сондай-ақ құрылыс нысандарындағы бас мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында құрылыс саласындағы еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау жауапкершілігі және жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ағымдағы жылы құрылыс саласында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға алып келген. Яғни, 2026 жылдың өткен кезеңінде құрылыс нысандарында 2 жазатайым оқиға тіркеліп, оның екеуі де адам өлімімен аяқталған.
Осыған байланысты жиында құрылыс нысандарындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, өндірістік тәуекелдерді дер кезінде анықтау және жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша нақты шаралар қарастырылды.
Бас мердігерлерге қарамағындағы мердігер мен қосалқы мердігерлер тарапынан еңбек қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша бақылауды күшейтіп, аталған бағытта жұмыстарды жандандыру тапсырылды.
Сонымен қатар, құрылыс нысандарына жұмыскерлерді өтемелі қызмет көрсету (ГПХ) шартымен жұмысқа тартуға заңмен жол берілмейтіні мәжілісте атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушыларға еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу бағытында жұмысты күшейту қажеттігі назарға жеткізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1302295?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау