Ақтөбе қаласында көлік қозғалысы қарқынды кезеңдерде жолдағы жағдайды бақылау үшін патрульдік полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануда, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қарбалас уақытта негізгі көшелер мен даңғылдарда көлік ағыны артып, жекелеген учаскелерде қозғалыс баяулап, кептеліс пайда болуы мүмкін. Осындай сәттерде дрондар жол жағдайын әуеден бақылап, көлік шоғырланған учаскелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, Молдағұлова даңғылы бойындағы қиылыстардың бірінде жолдағы жағдай дрон арқылы әуеден бақыланады. Бұл тәсіл көлік ағынын кең ауқымда бағалап, кептелістің себептері мен қозғалысқа кедергі келтіретін факторларды анықтауға мүмкіндік береді. Әуеден алынған ақпарат патрульдік полиция экипаждарына жедел жеткізіледі. Қажет болған жағдайда қызметкерлер қозғалысы қиындаған учаскелерге бағытталып, жолдағы жағдайды реттеу және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану патрульдік полицияның жол ахуалын бақылау мүмкіндігін кеңейтеді. Әуеден бақылау арқылы бір мезетте бірнеше учаскедегі көлік қозғалысын бағалап, көлік ағынындағы өзгерістерге жедел ден қоюға болады. Бұл ретте дрондар жол қозғалысын бақылаудың қосымша құралы ретінде қолданылады. Негізгі мақсат – кептелісті дер кезінде анықтап қана қоймай, оның салдарын азайтып, жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз жағдай қалыптастыру. Заманауи технологияларды полиция қызметіне енгізу патрульдік полиция жұмысының тиімділігін арттырып, қаладағы көлік қозғалысын жедел әрі тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Полицияның басты мақсаты – жолдағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1307777?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау