Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсету және жаңа жобалардың жүзеге асыруға басымдық берілуде. Осы орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы жеке кәсіпкер «Умирзаковтың» балық жемін өндіру жобасымен танысты. Өндіріс орнын аралап көрген басқарма басшысы жобаның жүзеге асырылу барысын зерделеп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Ырыс» микро қаржы ұйымы арқылы 17,4 млн теңге жеңілдетілген несие есебінен жүзеге асырылуда. Өндіріс орны жылына 7,5 мың тонна түйіршіктелген балық жемін өндіруге қауқарлы.
Өндірістік нысанның аумағы 480 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, трансформатор орнатылған. Сонымен қатар өндіріс орнына қажетті инфрақұрылым толық жүргізілген. Жобаның іске асыру мерзімі 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Бүгінде балық жемін өндіру жұмыстары басталды.
Айта кетсек, Түркістан облысы бойынша 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға жеткізу көзделген, ал биыл 9 123 тоннаға жеткізу жоспарланған. Қазіргі таңда облыста балық өсірумен айналысатын 184 шаруашылық бар. Сонымен қатар өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Түркістан облысы жасанды көлдерде балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1308601?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау