Елімізде 2,9 миллионға жуық мүшесі бар 530 кәсіподақ ұйымы қызмет етеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, еңбек заңнамасын жетілдіру, ұжымдық шарттар жүйесін дамыту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. 10 қазанда елімізде Кәсіподақтар күні атап өтіледі.
Кәсіподақ ұйымдарының құрамына республикалық деңгейдегі 4 кәсіподақ бірлестігі, салалық 54 кәсіподақ, 25 аумақтық бірлестік және 447 жергілікті кәсіподақ кіреді. Олар жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста жұмысшылардың мүддесін қорғайды, ұжымдық келіссөздерге қатысады, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік мәселелерге қатысты заңнамалық бастамаларды талқылайды.
Кәсіподақтардың қызметі жұмыскерлердің күнделікті еңбек жағдайына тікелей қатысты мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, жалақының төленуі, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыс және демалыс уақытының сақталуы, әлеуметтік кепілдіктерді орындау және еңбек дауларын реттеу бағыттарына басымдық беріледі. Кәсіподақ өкілдері арқылы жұмысшылар еңбек жағдайларын талқылауға және жұмыс берушінің міндеттерін ұжымдық шартта бекітуге қатыса алады.
Еңбек министрлігі ұжымдық шарттар жүйесін дамытуға және бұл үдерісті цифрландыруға ерекше мән береді. 2026 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 19 683 ұжымдық шарт цифрландырылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 мыңға көп. Ұжымдық шарттарда жалақы төлеу, кәсіби даярлық, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау бойынша қосымша кепілдіктер бекітіледі. Ал цифрлық жүйелер осы бағыттағы ақпаратты орталықтандыруға және тараптардың міндеттемелерінің орындалуын бақылауды жетілдіруге жол ашады.
Биыл ұжымдық шартта міндетті түрде көрсетілуге тиіс талаптар тізімі кеңейтілді. Енді шартта ұйымдағы тиісті кәсіп немесе лауазым бойынша ең жоғары және ең төмен жалақы мөлшерінің арақатынасы, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізудің тәртібі мен шарттары, сондай-ақ жәрдемақылар мен өтемақыларды төлеу талаптары белгіленуі керек. Бұған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезінде төленетін төлемдер де кіреді. Осылайша, жалақы, бақылау және жұмысшыларды қолдау мәселелері тараптар арасындағы келісімде нақты көрсетіледі.
Кәсіподақтардың қызметіне қатысты заңнама да кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. 2020 жылы кәсіподақтардың жоғары тұрған бірлестіктерге міндетті түрде мүше болу талабы алынып тасталып, олардың мәртебесін растау тәртібі жеңілдетілді. 2023 жылы ұжымдық еңбек даулары аясында талап қою тетігі жетілдірілді. Сондай-ақ жұмысшылардың талабы бойынша жұмыс беруші жиналыс немесе конференция өткізуге арналған орын беріп, қажетті жағдай жасауға міндеттелді. Бұл өзгерістер кәсіподақтардың дербестігін арттыруға және жұмысшылардың өз құқықтары мен мүдделерін заң аясында қорғау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Кәсіподақтармен бірлескен жұмыс еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты жаңа бағыттарда да жалғасып келеді. Қазан айында Астанада өткен «Цифрлық еңбек және жасанды интеллект» халықаралық форумы аясында мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері «Алгоритмдік бақылау, кәсіподақтардың рөлі және бизнестің жауапкершілігі» атты астаналық үшжақты декларациясына қол қойды. Форумға Еңбек министрлігінің басшылығы да қатысты. Жиында жаңа технологияларды қолдану кезінде жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтау, автоматтандырудың еңбек нарығына әсері, кадрларды қайта даярлау және жұмыскерлерге қатысты шешімдер қабылдауда адамның рөлін сақтау мәселелері талқыланды.
Министрлік әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, ұжымдық шарттар жүйесін дамыту және еңбек дауларының алдын алу тетіктерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Басты мақсат жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтау, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру және келісімдер мен ұжымдық шарттарда белгіленген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1308712?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау