Шығыс Қазақстанда V халықаралық «Шығыс Салбурыны – 2026» фестивалі өтті. Биыл фестиваль аясында алғаш рет құсбегіліктен Ашық Азия кубогі ұйымдастырылды.
Биыл фестивальге 176 бүркітші және тазыны баптаумен айналысатын 50-ден астам адам қатысты. Жарысқа Қазақстанмен қатар Венгрия, Грузия, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Түркия және Өзбекстан елдерінің өкілдері келді.
Ұлан ауданының Бозанбай ауылындағы «Бүркіттөбе» этнокешенінде өткен ауқымды жарыстар қазақ халқының аңшылық дәстүрлерін дәріптеуге және ұлттық мұраны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.
«Бүркіттөбе» алаңына жыртқыш құстармен жұмыс істеуді жай ғана спорттық жарыс емес, көпжылдық тәжірибені, шыдамдылықты және қанатты аңшымен ерекше түсіністікті талап ететін өнер деп білетін бүркітшілер мен сұңқаршылар жиналды. Жарысқа қатысушылар бүркіттерді, сұңқарлар мен қаршығаларды баптап, басқару шеберліктерін көрсетіп, өз елдерінің саятшылық дәстүрлерін таныстырды.
Сонымен қатар этнокешен аумағында 50 ақшаңқан киіз үй тігіліп, қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті мен қолөнері, облыс қалалары мен аудандарының тарихы және туристік әлеуеті таныстырылды.
Азияда алғаш рет ұйымдастырылған Ашық кубок – құсбегілік өнерінің бай мұрасын кеңінен насихаттауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мәдени оқиға. Халықаралық жарыстар қонақтарды әртүрлі елдердің аңшылық дәстүрлерімен таныстырып, мәдени байланыстарды нығайтады.
«Шығыс Салбурыны» фестивалінің тарихы 2021 жылы Бозанбайда өткен бүркітшілер жарысынан басталды. Алғашқы турнир «Қансонар» атауымен ұйымдастырылды. 2022 жылдан бастап іс-шара «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі ретінде өткізіле бастады. Бүгінде шара жаңа деңгейге көтерілуде. Фестиваль Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған ірі іс-шаралар күнтізбесіне енгізілді.
Фестиваль аясында құсбегілер жарысынан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, тазы иттердің жарыстары, жабайы жылқыларды үйрету, ат үстінде садақ ату және шауып келе жатып теңге ілу жарыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар бағдарламада қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі, танымал өнерпаздардың қатысуымен концерт және, әрине, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болды.
Осылайша, «Шығыс Салбурыны» фестивалі бірнеше бағытты біріктірді: спорттық бәсеке, әртүрлі елдердің мәдениетімен танысу және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлерді сақтау. Бозанбай үшін бұл – халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік болса, қонақтар үшін көшпенділердің көне өнерін музей экспозициясынан емес, іс жүзінде тамашалауға мүмкіндік.
Биыл өңірге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының делегациясы келді. Комиссия өкілдері Бозанбайда көне салт-дәстүрлерді сақтауға және бірегей дағдыларды келесі ұрпаққа жеткізуге жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Олардың айтуынша, шеберлер өз тәжірибелерімен тек жерлестерімен ғана емес, шетелдік қонақтармен де бөлісе алуы маңызды.
Бұл дәстүрдің халықаралық болашағы да бар. ЮНЕСКО-ның 2026 жылға арналған ресми материалдарында тазы мен бүркіттердің қатысуымен өтетін фестивальді Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы өтінім көрсетілген. Сонымен бірге сұңқаршылық өнерінің өзі бұл тізімге әлдеқашан енгізілген. Қазақстан халықаралық номинацияға қатысушы елдердің бірі болды.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1308711?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау