СҚО-да «Қауіпсіз үй» іс-шарасы аясында есепте тұрған 2 мыңға жуық азамат тексерілді

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Солтүстік Қазақстан облысында 5 қазаннан бастап «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оған күн сайын шамамен 700 адам қатысады. Олардың қатарында полицейлер, пробация қызметінің қызметкерлері, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер бар. Негізгі мақсат – тұрғын үй секторындағы қауіпсіздікті арттыру, көші-қон үдерістерін бақылау және халықпен өзара байланысты нығайту.

Пәтерлер мен жеке үйлерден бастап саяжайларға, фермерлік шаруашылықтар мен қараусыз қалған ғимараттарға дейін 2 мыңнан астам нысан тексерілді. Полицейлер проблемалық деп танылған 687 мекенжайды пысықтап, хабарламай жалға беріліп жатқан 23 пәтер туралы мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына жолдады.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалаудағы және соттылығы өтелмеген азаматтар, сондай-ақ тұрмысы қолайсыз отбасылар назарға алынды. Есепте тұрған 1839 азамат тексеріліп, 13 құқық бұзушылық анықталды. Сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босату күшін жою туралы төрт өтінішхат жолданды. Тағы үш материал бойынша пробациялық бақылау мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Көші-қон саласында 172 құқық бұзушылық анықталып, ел аумағында заңсыз жүрген 120 шетелдік ұсталды. Сонымен қатар азаматтық қаруы бар 494 адамның қаруды сақтау талаптары мен рұқсат құжаттарын қайта тіркеу мерзімдерін сақтау жағдайы тексерілді. Тіркелмеген үш қару тәркіленді.

Рейдтер барысында кәмелетке толмаған 12 жасөспірім ұсталып, олардың жетеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұдан бөлек, есірткі жарнамасы бар тоғыз жазу анықталды. Ұсталған 69 үйсіз адамның төртеуі Петропавл қаласының қабылдап-тарату орнына жіберілді.

Профилактикалық жұмыс тұрғындармен кездесулер өткізуді де қамтиды. Оларға 1,6 мыңнан астам адам қатысты. Арнайы QR-кодтар мен мессенджерлердегі чаттар арқылы 18 ұсыныс түсті. Әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Мұндай жұмыс құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, профилактика, жауапкершілік және азаматтармен өзара іс-қимыл арқылы қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді. Жедел-профилактикалық іс-шара 5 қарашаға дейін жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1308693?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version