Адам өмірін құтқарудың артында кәсібилік, батылдық және көмекке келуге әрдайым дайын болу қасиеттері тұрады. Бұл қасиеттер ҚР ТЖМ Астана қаласы бойынша Апаттар медицинасы орталығы филиалының фельдшері Еркебұлан Мырзабековке тән.
Еркебұлан Маратұлы өзінің кәсіби қызметін шұғыл медициналық көмек көрсетуге арнаған. Көпжылдық еңбек жолында ол күрделі жағдайларда жедел әрекет ете алатын білікті, бастамашыл және жауапты маман ретінде танылды.
Оның кәсіби қызметіндегі маңызды сынақтардың бірі 2024 жылғы қазанда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында болған ауқымды табиғи өрттің салдарын жою жұмыстарына қатысуы болды. Төтенше жағдай кезінде іс-қимылдардың үйлесімділігі, жеделдік және медициналық көмекті қажет ететін адамдарға дер кезінде қол ұшын созу ерекше маңызға ие болды.
Жұмыс барысында қауіпті аймақтан 18 бала мен 6 ересек адам, оның ішінде үш жүкті әйел эвакуацияланды. Сонымен қатар Еркебұлан Мырзабеков Қанай-1 қыстағына жіберіліп, иіс тиіп уланған бес ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қажетті ем-шараларды жүргізді. Зардап шеккендер ауруханаға жатудан бас тартқандықтан, фельдшер таңға дейін олардың жағдайын бақылап, хал-ахуалын қадағалады және науқастардың жай-күйі туралы тиісті қызметтерге ақпарат беріп отырды.
Мұндай жұмыс тек медициналық білім мен тәжірибелік дағдыларды ғана емес, сонымен қатар сабырлылықты, мұқияттылықты және жоғары жеке жауапкершілікті талап етеді. Төтенше жағдайларда медициналық маманның уақтылы әрі сауатты әрекеті адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауда маңызды рөл атқарады.
Еркебұлан Мырзабеков шұғыл медициналық көмек көрсетумен қатар, профилактикалық және ағартушылық жұмыстарға да белсенді қатысады. Ол халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, соның ішінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарына атсалысады. Еркебұлан Маратұлының кәсіби еңбегі Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталған.
Еркебұлан Мырзабековтің еңбек жолы — мамандыққа адалдықтың, жауапкершіліктің және ең қиын жағдайларда да өз міндетін абыроймен атқаруға дайын болудың үлгісі. Оның қызметінің артында медициналық білім мен тәжірибеден бөлек, адамдарға көмектесуге, олардың денсаулығын сақтап, өмірін құтқаруға деген шынайы ұмтылыс жатыр.
Осындай мамандар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының негізгі тірегін құрайды. Олар күнделікті еңбегімен кәсібиліктің, адамгершіліктің және таңдаған мамандыққа адалдықтың маңызын дәлелдеп келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1308747?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау