Алматыда Халықаралық қарттар күніне орай қазан айы бойы Қарттар айлығы өтуде. Осы кезеңде аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беруге бағытталған түрлі іс-шаралар қарастырылған.
Айлық аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі – 2026 жылғы 8 қазанда Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастырған салтанатты мерекелік кеш. Іс-шараға Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері мен еңбек майданының ардагерлері қатарынан 170-тен астам құрметті қонақ қатысты.
Қонақтарға қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік кеште құттықтау сөздер айтылып, көпшілікке танымал әндер шырқалды. Би және шығармашылық қойылымдар мерекенің сәнін келтірді. Ардагерлерге арнап мерекелік дастарқан жайылып, іс-шара соңында естелік сыйлықтар табысталды.
Ай бойы қаланың барлық аудандарында мерекелік концерттер, ардагерлермен кездесулер, спорттық-сауықтыру сабақтары және Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының түрлі іс-шаралары ұйымдастырылуда. Егде жастағы тұрғындар үшін медицина мамандарының кеңесін алуға мүмкіндік беретін ашық есік күндері өткізіліп, жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үй жағдайында медициналық тексеруден өтуде. Сонымен қатар бағдарлама аясында театрларға, музейлерге және өзге де мәдени орындарға бару, ұзақ жасаған қарияларды құттықтау және түрлі буын өкілдерінің басын қосатын кездесулер қарастырылған.
Қарттар айлығы – аға буын өкілдеріне құрмет пен ризашылық білдіруге, олардың қажеттіліктеріне көңіл бөлуге және белсенді ұзақ өмір сүруін қолдауға бағытталған маңызды бастама.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-uzsp/press/news/details/1310067?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау