Ақтөбе облысында ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру, заманауи суару жүйелерін енгізу және суармалы егіншілікті дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылхан Әбтиевтің мәліметінше, биыл облыстың басым бөлігінде вегетациялық кезең ауа райының қолайлы жағдайында өтті. Алайда Әйтеке би ауданында жауын-шашынның аз болуы және шілде-тамыз айларындағы аптап ыстық дәнді дақылдардың өнімділігіне әсер етті. Нәтижесінде гектарына 8,3 центнерден өнім жиналды.
Вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің суға деген қажеттілігі өңірдегі су қоймалары мен негізгі өзендердің есебінен қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларындағы су қоры суару жұмыстарын жүргізуге жеткілікті болған.
Суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, өңірде су ресурстарын ұтымды пайдалануға және суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде мұндай технологиялар 12,3 мың гектар алқапта қолданылады. Оның 11,8 мың гектарына заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізілсе, 0,5 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы пайдаланылады. Сондай-ақ шаруашылықтарда автоматтандырылған «ақылды суару» жүйелері мен жаңбырлатқыш қондырғылар қолданылады.
Сонымен қатар қалпына келтірілген суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселесі өзекті болып отыр.
Осыған байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров жергілікті атқарушы органның теңгеріміндегі ирригациялық нысандарды түгендеп, олардың техникалық жай-күйі мен пайдалануға дайындығын бағалауды Табиғи ресурстар басқармасына тапсырды.
«Барлық суармалы жердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, қалпына келтірілген нысандардың бос тұруына жол бермеу қажет. Егер шаруашылықтар өздеріне берілген жерлерді пайдаланбаса, оларды қайтарып алып, ауыл шаруашылығымен айналысуға дайын кәсіпкерлерге беру мәселесін пысықтау керек. Ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтірумен ғана шектелмей, егіс алқаптарын ұлғайту және өнімділікті арттыру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше назар аудару керек»,
– деп атап өтті Асхат Шахаров.
Өңір басшысы аудан әкімдеріне су ресурстарының пайдаланылуына талдау жүргізуді, каналдар мен ирригациялық жүйелердің техникалық жай-күйін бағалауды, анықталған кемшіліктерді жоюды және инфрақұрылымның келесі суару маусымына дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar/press/news/details/1314062?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау