
Алматыда еліміздің жетекші кәсіби медициналық қауымдастықтарының қолдауымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ (КІАҒЗИ) ұйымдастырған «Метаболикалық синдром – 2025: ХХІ ғасырдың жаһандық трендтері мен сын-тегеуріндері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция алаңында Қазақстан, Швеция, Грузия, Ресей және басқа елдердің жетекші сарапшылары бүгінгі таңда кең таралған метаболикалық синдромның профилактикасы және емдеу мәселесін талқылады.
Метаболикалық синдром – 2-типті қант диабетінің, жүрек-қан тамырлары ауруларының, алкоголсіз майлы бауыр ауруларының, семіздіктің және басқа созылмалы инфекциялық емес аурулардың дамуымен тығыз байланысты заманауи клиникалық практикадағы ең өзекті жағдайлардың бірі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі ересек тұрғындардың 25%-дан астамында метаболикалық синдром белгілері бар деп есептейді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – метаболикалық бұзылуларды диагностикалау, профилактика және емдеу мәселелерінде медицинаның әртүрлі бағыттарындағы мамандардың хабардар болуын арттыру. Конгрестің бағдарламасында гастроэнтерология, эндокринология, кардиология, тамақтануды қолдау, бариатриялық хирургия және коморбидтік пациенттерді басқарудың психоәлеуметтік аспектілері туралы өзекті тақырыптар бар.
КІАҒЗИ эндокринология кафедрасының меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас эндокринологы Лаура Даньярова аурудың жасарып келе жатқанын және мұндай үрдіс бүкіл әлемде байқалатынын атап өтті.
«Біздің институт осы салада тәжірибе алмасу алаңына айналды, өйткені метаболикалық синдром пәнаралық проблема болып табылады. Бүгін біз 2-типті қант диабетінің бариатриялық немесе метаболикалық хирургиясы сияқты өзекті тақырыпты қарастырамыз. Бұл 2-типті қант диабетін емдеудің, хирургиялық әдістерді қолданудың жаңа стандарттарының бірі»,-деді КІАҒЗИ Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жәмила Қайбуллаева.
Грузиядан келген профессор, м. ғ. д., эндокринолог Елена Гиоргадзе метаболикалық бұзылулар эпидемиясының негізгі себебі қазіргі адамның: отырықшы, артық тамақтану, бұзылған тамақтану сияқты өмір салты деп санайды.
Конгреске қатысушылар семіздікті, қант диабетін, метаболизммен байланысты бауырдың стеатотикалық ауруын емдеудің, эндокриндік бұзылуларды диагностикалау мен емдеудің, бариатриялық хирургия мен тамақтануды қолдаудың жаңа тәсілдерін және пациенттерді басқарудың психосоматикалық аспектілерін талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/979570?lang=kk
Жауап қалдыру