
Ауыл шаруашылығы саласы – экономиканың негізгі күші
10 сәуір күні Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен Қаратөбе аудандарында ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерімен кеңес өтті. Жиынға агроөнеркәсіп кешенінде қызмет ететін облыстық және аудандық мекеме басшылары, ауданның шаруашылықтарының жетекшілері қатысты.
Батыс Қазақстан облысы еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі болып табылады. Соның ішінде ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін экономиканың аса маңызды саласы.
Жиында ауыл шаруашылығы саласында 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған жоспарлар талқыланды.
Кеңес барысында Қаратөбе ауданы бойынша атқарылған жұмыстар мен жоспарлары туралы аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев баяндама жасады.
– Аудан экономикасының негізгі көзі мал шаруашылығы болғандықтан, бүгінгі таңда салада өсу динамикасы байқалады.
Бүгінде ауданда тіркелген 476 шаруашылықта 644 адам жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығын дамыту және нәтижелі жұмыс жасау үшін барлық бағыттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар қарастырылған. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қолданыстағы субсидиялау ережесіне сай 2024 жылы ауданның 140 шаруашылығы 445,6 млн. теңге мал шаруашылығына тиесілі қаржыларын алып отыр.
2025 жылдың 1 қаңтарына МІҚ – 55 454 бас, қой мен ешкі – 95 764 бас, жылқы – 16 019 бас, 26 бас түйе және 5433 бас құс тіркелген.
Мал басын былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда МІҚ-35%-ға, қой мен ешкі-22%-ға, жылқы 17%-ға көбейген.
Өткен жылғы есепті мезгілмен салыстырғанда асыл тұқымды МІҚ – 107,7 пайызға, асыл тұқымды жылқы – 121,7 пайызға орындалса, асыл тұқымды қой малы – 99,9 пайызға орындалып отыр.
Асыл тұқымды мал басының өсімі негізінен өз төлі есебінен және 2024 жылы аудан шаруашылықтары 1760 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алып отыр.
Ағымдағы жылы аудан бойынша кемінде 1000 бас асыл тұқымды мал басын сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда аудан шаруашылықтары 380 бас асыл тұқымды МІҚ малын сатып алды, – деген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы аудандағы егін шаруашылығы және ұжымдық бақша егу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап берді.
Жиында агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары туралы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин аталған салаға бөлінген қаржы туралы айтты. Асыл тұқымды мал алуға, дәнді дақылдар егуге және жеңілдетілген бағамен дизельдік отынның берілуі, ауыл шаруашылығына арналған техникаларды алу жөнінде біраз мағлұмат берді.
Ветеринария саласы бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау, сырға салу, елді мекендерде ветеринариялық пункттер салу жөнінде айтып өтті. Жер қатынастары саласы бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотов аталмыш сала бойынша өзгерістерге тоқталып өтті.
Ауыл шаруашылық мамандары мен шаруа қожалығы жетекшілерін жинаған кеңесте «Қоржын», «Нұрқанат» шаруа қожалығының жетекшілері Құсайын Мұқанов пен Қалимұрат Сариев мамандарға сұрақ қойып, тиісінше толыққанды жауап алды.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы әр аудан өз-өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету қажеттігін айта келе ауданда құс, балық шаруашылығын қолға алу керектігіне кеңес берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/981159?lang=kk
Жауап қалдыру