ҚАРАТӨБЕ ХАЛҚЫН ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Бекітілген кестеге сай, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың аудан тұрғындарымен кездесуі Қаратөбе ауылдық округінде өтті. Ауылдық клубта өткен жиында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, жеке қабылдау өткізді. Аудан басшысы ауылдық округтің инвестициялық әлеуетін көтеру керектігін айтты.
— Бүгін аудан орталығынан ең шалғай орналасқан округте Сіздермен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы алға қойған міндеттерді орындау үшін баршамыз жұмыла еңбек етіп, халқымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуымыз қажет, —деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.
2024 жылы 6 әлеуметтік нысанға 674 млн.теңге қарастырылып, нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда: «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Қостөбе елді мекеніндегі мектеп пайдалануға берілді. Қаратөбе елді мекенінің жаңа массивтеріне инженерлік-коммуникация жүйелері жүргізілуде. Балдыберек елді мекені Тұрдалиев көшесінің 2,6 шақырым жолын орташа жөнделуде. Қостөбе елдi мекенiндегі Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қаратөбе елді мекені Р.Ералиев көшесінің 1,6 шақырымы түнгі жарық шамдары орнатылды. «Қызыл тау» каналының 6,1 шақырымы механикалық тазалаудан өтті.
2025 жылы 4 жобаға 112 млн.теңге қарастырылды.
Атап айтқанда: Аудандық маңызы бар «Қаратөбе-Қостөбе» елді мекендеріндегі жолының (КХТL-16) 2 шақырымын орташа жөндеуге, Қаратөбе елді мекеніндегі Сейтбек ата және Елемес көшелерін түнгі жарықтандыруға қаржы қарастырылды. Балдыберек елді мекені Даңғарашал көшесіне және Майбұлақ елді мекені Нұрата көшесіне электр желісін жүргізу және трансформаторлар орнату, «Қызыл тау» каналына шлюз орнатуға қаржы қарастырылды.
Округ халқын толғандырған мәселелерді талқылауға арналған кездесуде спорт кешенін салу, өндірістік кооператив үлесіндегі жер үлесін бөлуге қатысты сұрақтарын қойды. Елді мекендегі аты жоқ көшелерді ҰОС ардагерлерінің есімдерімен атауды, ауыз су сапасын жақсартып, тұрғын үйлердің құжаттарын реттеуге көмек сұрады. Аудандық маңызы бар жолдың маңыздылығын өзгерту, жастардың отбасын құруға асықпауы да округ ардагерлерін толғандырған сұрақтардың бірі болды. Ауылдағы ФАП-қа интернет тарту, аяқ жол салуды өтінді. “Наурыз” саябағын ауданның теңгеріміне алуды, облыстық маңызы жолдарды жөндеу, жайылымдық жерлерді мемлекеттің арнайы жер қорына алу мәселесі де сөз болды.
Одан кейін аудан әкімінің жеке қабылдауы өтті. Еркеғали Амантайұлы кездесу мен жеке қабылдауда айтылған әрбір өтініш пен ұсыныс назарға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version