Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың қала, ауылдық округ тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Бүгін аудан басшысы Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне жасаған сапары аясында тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелердің шешілу жолдарын саралады. Мәжіліс барысында жауаптыларға округтің әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталып, жүйелі жұмыс жүргізуді міндеттеді.
Мемлекет Басшысының жарлығына сәйкес, аудан, қалаларда тұрғындармен кездесулерді ұдайы жүргізіп келеміз. Бүгін, аудандағы сегізінші кездесуіміз Сіздердің округтеріңізде өтуде. Жиналыстың басым бөлігі, сұрақ – жауап форматында өтеді. Сондықтан ашық диалог алаңында көкейде жүрген сұрақтарыңызды қойып, белсенділік танытуларыңызды сұраймын, деді аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы.
Аудан әкімі 2024 жылы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде іске асқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды баяндап, 2025 жылдың жоспарымен таныстырды.
2024 жылы 4 әлеуметтік нысанға 106 млн.теңге қарастырылып, нәтижелі жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда: Мәдени елдi мекенiндегі Ақсу өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтті. Ауыз су құбыры құрылысын қайта құруды қажет ететін Мәдени елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Мәдени елді мекенініндегі спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттамасын түзетуден өтті. Мәдени елді мекеніндегі Тілеуов көшесінің 130 метріне суағар (лоток) орнатылды.
2025 жылы 2 жобаға 44,7 млн.теңге қарастырылды.
Атап айтқанда: Мәдени елді мекеніндегі 1,4 шақырымды құрайтын 3 көшеге (суағар (лоток) орнатуға қаржы қаралды. Осы аталған елді мекеніндегі «Бидайшы» каналын күрделі жөндеуден өткізу үшін аудандық бюджет есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Кездесу барысында округ халқы Мәдени елді мекенін ағын сумен қамтуға арналған “Қыдыр” арығын ауылдық округ теңгеріміне алып, оны бетондап, каналды механикалық тазалаудан өткізуді сұранды. Екі елді мекендегі балалар бақшасына қосымша ғимарат тұрғызып, ойын алаңшаларын орнатуды ұсынды. Тұрғындарға төрт түлікті көшеде бос жіберуге болмайтыны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, 500 метр жерді жөндеп, жолды кеңейтуді өтінді. Ауыр жүк көліктерін жүргізуге тыйым салып, тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер бөлуді сұранды.
Кездесу соңында Еркеғали Әлімқұлов тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Айтылған мәселелер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылады.
Айта кетейік, аудан әкімі Еркеғали Амантайұлының аудан тұрғындарымен кездесулері барлық округте жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе аудан әкімі аппаратының әкімшілік және құжаттандыруды қамтамасыз ету бөліміне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау