
Жақында Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының Есіл филиалының бастамасымен аудандық әкімдік залында жеке кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың кездесуі өтті.
Аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қазбек Әбдібеков кәсіпкерлерге салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беріп, жалпыға бірдей декларациялау мен салықтық берешекті өтеу тәртіптерін түсіндірді.
Кездесу барысында салықтық есептілікке қатысты мәселелер талқыланды – биылдан бастап есептілік көлемі 30%-ға қысқарады. Қолданыстағы алты салық режимінің үшеуі ғана сақталып, оларды оңтайландыру көзделуде: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, жеңілдетілген декларация бойынша АСР және шаруа қожалықтарына арналған режим.
Өзгерістер жеңіл автокөлік салығына да әсер етті. 10 жылдан асқан көліктерге салынатын салық 30%-ға, ал 20 жылдан асқандарына 50%-ға азайтылды.
Кәсіпкерлерді алаңдатқан мобильді аударымдар мәселесі де сөз болды. Аудит екі критерий бойынша жүргізіледі: үш ай қатарынан ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан аударым болмауы тиіс және жалпы сома 1 000 020 теңгеден аспауы керек.
Жалпы, атап өтілгендей, салық заңнамасындағы өзгерістер бақылау-қудалау шараларынан хабарламалық сипаттағы рәсімдерге қарай бет бұруда.
Санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылық бойынша Есіл аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының басшысы Қуандық Батырханұлы санитарлық нормаларды сақтау, тауарлардың сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімдері жөніндегі ережелерді еске салды.
Өзгерістер медициналық кітапшаларға да қатысты. Биылдан бастап жеке медициналық кітапшаны беру, есепке алу және жүргізу тек электрондық форматта жүзеге асырылады. Өніммен жұмыс істейтін кәсіпкерлер жылына екі рет, ал өндірістік блокта жұмыс істейтіндер жылына бір рет медициналық тексеруден өтуі тиіс.
Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Әсемгүл Елеусизова кәсіпкерлерге «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңды еске салып, барлық жарияланатын ақпарат – маңдайшалар, хабарландырулар, баннерлер, жарнамалар және қоғамдық тамақтану орындарындағы мәзірлер міндетті түрде екі тілде болуы қажет екенін атап өтті.
Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-шаралар аясында Есіл ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы К. Жүнүсова тарапынан ұлтаралық келісімді нығайту бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының діни қатынастар саласындағы заңнамасы және ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік» тақырыбы талқыланды.
«Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» және «Деструктивті діни ағымдардан сақ болыңыз» тақырыптарында брошюралар таратылды.
Кездесу қызу өтті. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап алып, өз мәселелерін да ортаға салды.
Кәсіпкерлер палатасы тағы да бизнес пен қоғам арасындағы диалог алаңы ретінде өз тиімділігін көрсетті – мұнда ауданның іскерлік ахуалын жақсартуға қатысты өзекті мәселелер мен кәсіпкерлердің қоғам өміріне қатысуы кеңінен талқыланды.
#АқмолаоблысыКәсіпкерлерпалатасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-esil/press/news/details/980941?lang=kk
Жауап қалдыру