Алматыда Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру нәтижелері ұсынылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысының қорытындысы және Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының іске асырылуына арналған брифинг өтті.

Департаменттің қызметі Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жүзеге асырылады. Негізгі назар сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алуға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Бұл бағыттағы негізгі құрал – Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы. Ол мемлекеттік органдар қызметіндегі осал тұстарды уақтылы анықтауға, қауіп-қатерлерге объективті баға беруге және оларды жоюға жүйелі шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Бірқатар басым салаларда оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Экономика және қаржы саласында «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» жүйесіне жүргізілген мониторингтің нәтижесінде 110 млн теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген талдау нәтижесінде ӘҚБтК-нің 207-бабы бойынша 17 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұзушылықтар біліктілік талаптарының негізсіз қойылуына, шарттық міндеттемелерді орындамауға және бюджетке сай келмейтін жылдық жоспарлардың бекітілуіне қатысты болды. Жалпы салынған айыппұл сомасы 1,67 млн теңгені құрады.

Қала құрылысы саласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы негізінде алғаш рет Алматы қаласының Қала құрылысы регламенті мен Құрылыс ережелері бекітіліп, 2025 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енді. Бұл құжаттар қаланы оның сейсмикалық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, қауіпсіз, экологиялық және үйлесімді дамытуға бағытталған.

Тау бөктеріндегі аймақта жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау аясында жыл басында заңсыз салынған 2 нысан ішінара бұзылды. Жалпы алғанда, кешенді шаралар басталғалы бері экологиялық тұрғыдан сезімтал және сейсмикалық қауіпті аумақтарда заңсыз орналасқан тұрғын үйлерден бастап қонақ үйлер мен жеке құрылыстарға дейін 12 нысан толық немесе ішінара бұзылды.

Білім беру саласында ішкі мемлекеттік аудит органдарымен бірлесіп, жалақыны негізсіз есептеу фактілері анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке 28,3 млн теңге қайтарылды.

Жол салу саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, 8 тәуекел айқындалып, 13 ұсыныс енгізілді. Қалалық мобильділік басқармасы жол жұмыстарын келісу бойынша жаңа алгоритм енгізіп, кепілдік мерзімдері ұлғайтылды:
– жаңа жол құрылысы бойынша – 3 жылдан 7 жылға дейін;
– орташа жөндеу бойынша – 3 жылдан 5 жылға дейін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері 5,5 мыңнан астам адамды қамтыған 66 іс-шара өткізілді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Алматыда 262 волонтер тіркеліп, 34 кездесу өткізілді.

Азаматтық белсенділікті ынталандыруға ерекше назар аударылуда. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы төлеу тетігі тиімділігін көрсетіп отыр. Биыл 1,2 млн теңге көлемінде сыйақы алған 2 азамат көтермеленді.

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысын жалғастыра отырып, ашықтықты, жауапкершілікті және қоғаммен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін болады. #ЗаңменТәртіп

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-almaty/press/news/details/979427?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді