
Кенелер – бұл қан соратын, адамдар үшін қауіпті жәндіктер. Кенелер туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызба, кене энцефалиті және боррелиоз сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін.
Көбіне кенелер адамдар мен жануарларға ерте көктем мен жаз уақыттарында шабуыл жасайды. Кене сілекейінде анальгетикалық зат бар, сондықтан оның шаққаны сезілмейді және ұзақ уақыт байқалмайды.
Кенелердің жиі жабысатын жерлері: жамбастың ішкі жағы, шап және қолтық аймақтары, мойын; балаларда басынан аяғына дейін. Кенелер наурыз-қазан айларында өте белсенді келеді.
Кенелерден қорғанудың негізгі амалы – олардың денеге жабысуына жол бермеу! Кене денеге бірден жабыспайды, сондықтан оны уақытылы байқап, алып тастау инфекцияның алдын алады. Сол себепті денедегі кенелерді анықтау үшін өзін-өзі және екі адам бірін-бірі тексергені дұрыс. Егер денеге жабысқан кене табылса, ол дереу алынып тасталуы қажет.
Кенелерден қалай қорғануға болады?
Орманға, саябаққа немесе кенелер кездесетін кез келген аумаққа шыққанда, кенелердің денеге жабысуына жол бермейтіндей киінген дұрыс:
– киімнің жоғарғы бөлігі шалбарға салынып, жеңдердің манжеттері қолға жабысып тұруы тиіс;
– шалбар етіктің ішіне салынып, шұлықтың резіңкесі қатты болғаны дұрыс;
– баста капюшон немесе басқа бас киім болғаны жөн.
Киім ашық және бір түсті болғаны дұрыс, кенені байқау оңай болады.
Табиғатқа шыққанда абай болыңыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zko/press/news/details/996090?lang=kk
Жауап қалдыру