Ақмола облысында жануарлар мен адамдардың денсаулығы үшін ветеринарлық бақылау күшейтілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде. Миллиондаған ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау, жаңа мал көметін орындар (скотомогильник) салу, сою пункттерінің желісін кеңейту және ветеринарлық қызметтерді цифрландыру жоспарланған. Кешенді тәсілдің нәтижесінде өңірде қауіпті ауру ошақтарының саны азайып, эпизоотиялық тұрақтылық нығаюда.

Өткен жылы облыстық ветеринария басқармасы 20 модульдік ветеринарлық пункт сатып алып, үш мал көметін орын салды, тағы алтауы биыл пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында, Целиноград ауданында және «Ен-Дала» ЖШС базасында үш жаңа сою пункті ашылды.

Келесі жылға ауыл ветеринарлары үшін жылжымалы инсинераторлар мен арнайы автокөліктер сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ, сегіз ауданда тоғыз скотомогильник салуға өтінімдер дайындалды.

Облыста ветеринарлық шараларды оңтайландыру және жануарларды сәйкестендіру мақсатында цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Бұл мақсатта 236 планшет пен 25 компьютер сатып алынуда. Сонымен қатар, «ИСЖ-mobile» мобильдік қосымшасы қолданылады. 400 мыңнан астам ірі қара, ұсақ мал, жылқы, шошқа және түйе сәйкестендірілмек.

Эпизоотиялық жағдайдың айтарлықтай жақсаруы байқалады. Өткен жылы облыста бруцеллез бойынша тек бір ғана қолайсыз пункт тіркелсе, 2023 жылы мұндай жеті ошақ болған. Биыл жыл басынан бері бірде-бір қолайсыз ошақ анықталған жоқ. Бұл оң динамика қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Атап айтқанда, 6,4 миллион ауыл шаруашылығы жануары мен құсты вакцинациялау және 1,3 миллионға жуық жануарды бруцеллез және өзге де қауіпті ауруларға диагностикалау жоспарланған. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 85,9 мың ірі қарадан қан сынамасы алынды — бұл жоспардың 120,5%-ын құрайды. Оның ішінде тек 21 оң нәтиже тіркелген — бұл тексерілгендердің 0,03%-ы.

Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу бағытында да шаралар қабылданды. Төрт мемлекеттік бағдарлама аясында жеті жеткізуші анықталып, иттерді аулау, зарарсыздандыру (стерилизация) және вакцинациялау басталды. Қазіргі уақытта 800-ден астам ит ұсталды.

Облыс халықаралық сарапшылармен де белсенді ынтымақтастық орнатуда. Наурыз айында Ақмола облысына БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сарапшылары Хосе Мария Бласко мен Даниэль Бельтран-Алькрудо келді. ФАО деректері бойынша, адамға жұғатын жаңа аурулардың 70%-ы жануарлардан тарайды. Сондықтан әрбір жануар иесі оның денсаулығына жауапты. Ең қауіпті аурулар қатарына бруцеллез, күйдіргі (сібір жарасы), хламидиоз, түйірлі дерматит (нодулярный дерматит) жатады. Алдын алу шаралары ретінде дезинфекция, вакцинация, кеміргіштерді жою және карантиндік шаралар жүргізіледі.

Ақмола облысы жануарлар мен адамдар денсаулығын қорғау жолында ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін үздіксіз жетілдіруді жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-uvp/press/news/details/997226?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді