
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балаларға арналған аудандық оңалту орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл орталық «Қазақстан халқына» қорының «QH Аудандық оңалту орталықтары» қайырымдылық жобасы аясында пайдалануға берілді.
Шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «Қазақстан халқына» қоры басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
Орталық Шалқар аудандық ауруханасының базасында Ө.Сейітов көшесі №33 мекенжайында орналасқан. Жылына Шалқар, Ырғыз және Байғанин аудандарының ауылдық жерлерінде тұратын 600 балаға дейін қолжетімді және сапалы оңалту қызметін ұсына алады.
Жоба Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан халқына» қоры, Нұрсұлтан Назарбаев қоры және «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының бірлескен күш-жігерінің арқасында жүзеге асырылды. Облыс әкімдігі орталыққа ғимарат беріп, жобаның стандарттарына сәйкес келетін бірыңғай дизайн тұжырымдамасында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Ал «Қазақстан халқына» қоры орталықты 181,2 млн теңгеге кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтыды.
«Бүгін Шалқарда ашылған орталық – бұл заманауи жабдықталған ғимарат қана емес, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тірек нүктесі. Біз сапалы оңалту қызметі әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуын қалаймыз. Бұл жоба – Мемлекет басшысының ауқымды әлеуметтік бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыс әрі «Қазақстан халқына» қоры осы бағыттағы қызметін жалғастыра береді», – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.
Орталықта Ottobock вертикализаторлары, Rifton жүйелері, велотренажерлер, Tyrostation жаттықтырғыштары, «Атлант» пневмокостюмдері, сондай-ақ «Головастик» пен «Кузнечик» атты инновациялық жаттығу кешендері орнатылған. Сенсорлық және релаксациялық терапияны тиімді өткізу үшін сенсорлық бөлме, тұз шахтасы және шунгит бөлмесі қарастырылған. Гидротерапия жүргізуге арналған иммерсионды ванна да қойылды.
Орталық мамандары — неврологтар, оңалтушылар, логопедтер, дефектологтар, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, психологтар және эрготерапевтер — Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Бұл балаларға халықаралық стандарттарға сәйкес көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту – мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі. Жоба қала мен ауыл арасындағы сапалы медициналық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік теңсіздігін азайтуға бағытталған. Мұндай орталықтардың шалғай аудандарда ашылуы отбасыларға облыс орталығына бармай-ақ, өз тұрғылықты жерінде қажетті көмекті алуына жол ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-sayasat/press/news/details/998160?lang=kk
Жауап қалдыру