2025 жылғы 30 мамырда Ақтөбе облыстық Қоғамдық кеңесі мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бірлесуімен кеңейтілген отырыс өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету шеңберінде ұйымдастырылды.
Кеңейтілген отырыстың тақырыбы – «Өңірдегі республикалық, облыстық және ауданаралық автомобиль жолдарының сапасы мен оларды күтіп ұстау мәселелері» болды.
Отырысты Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Талаева ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Кейін сөз Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Әнуар Исаевқа берілді. Өз сөзінде ол жол саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен алдын алу шаралары туралы айтып, Агенттіктің осы бағыттағы бастамалары мен қоғаммен өзара іс-қимылының рөлін атап өтті.
Шараны әрі қарай сәулет, құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі комиссия төрағасы С.Тәшкенбай жүргізді.
Кеңесте Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Марат Хайруллин Ақтөбе облысындағы автомобиль жолдарының жалпы жағдайы туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр 2022–2024 жылдар аралығындағы жол құрылысы және жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков қалалық деңгейде атқарылған жұмыстар мен жобаларға қатысты баяндама жасады.
Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Өнербаев аудан көлемінде жүргізілген жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының қорытындысы мен 2025 жылға арналған жоспарларды таныстырды.
Отырыста кеңес мүшелері мен сарапшылар баяндамашыларға сұрақтар қойып, пікір білдірді.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес төрағасы Т.Талаева қорытынды сөз сөйлеп, қоғамдық бақылаудың маңыздылығын, сондай-ақ бірлескен әрекеттердің өңірлік инфрақұрылымды жақсартуға қосар үлесін атап өтті.
#Заң_мен_Тәртіп
#ЗАҢменТӘРТІП
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-aktobe/press/news/details/1008498?lang=kk
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау