Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің АҚШ-тың қосымша тарифтерін енгізу мәселесі бойынша түсініктемесі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан АҚШ тарапынан қосымша тарифтер енгізу мәселесіне байланысты келіссөздерді жалғастыруда. Осы үдеріс аясында биыл маусым айында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ Президенті Д. Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі Жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық қатынастар бойынша кеңейтілген екіжақты диалог аясында ұсынылған бастамаларды жан-жақты қарастырып отыр. Қазақстан тарапы сындарлы ынтымақтастыққа бейіл екенін растайды. Қарсы тарап та келіссөздерді жалғастыруға ашық. Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарланғандай, енгізілген тариф шаралары АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына ғана әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік баждан тыс қалады. Қазіргі уақытта Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі жаңа тарифтік реттеуге жатпайды және шектеусіз экспортталуда.

Жаңа тарифтердің ықпалы сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты сынды тауарларға тиеді.

Анықтама: 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында АҚШ-қа сары фосфор экспорты 2,2 мың тоннаны құрады (жалпы өндіріс көлемі 43 мың тонна). Ферросилиций бойынша экспорт көлемі 1 482,6 тонна (жалпы өндіріс 41 830,1 тонна). Аммоний нитраты (аммиак селитрасы) бойынша АҚШ-қа тасымал жоқ, 2025 жылға экспорт жоспарланбаған. Бидай глютені (глютен) бойынша 2025 жылдың алғашқы алты айында АҚШ-қа 6 500 тонна өнім жөнелтілді (шамамен 8,12 млн АҚШ доллары).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1044656?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version