Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны (ЭКСЖ) жүзеге асыру бойынша Жобалық кеңсенің отырысы өтті. Қатысушылар жобаларды қаржыландыру, есепке алу құралдарын орнату және цифрлық шешімдерді енгізу, оның ішінде су жабдықтау саласындағы пилоттық жобалар туралы баяндады, деп хабарлайды Primeminister.kz. Бүгінгі таңда ЭКСЖ аясында расталған жобалардың жалпы сомасы 974 млрд теңгені құрайды. 34 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, 130 жоба EPC-мердігерлерді айқындау сатысында. Тағы 145 жоба іріктеудің әртүрлі кезеңдерінен өтуде. Ұлттық жобаны жүзеге асыруға әкімдіктерді тарту рейтингі қалыптастырылды. Оған дайындығы бойынша Алматы қаласы, Қарағанды және Алматы облыстары көш бастап тұр. Артта қалған өңірлер қатарында Маңғыстау мен Ұлытау облыстары бар. ЭКСЖ шеңберінде кәріздік-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда: 16 жоба толық жүзеге асыруға дайын, тағы 6 жоба пысықтау және әкімдіктер тарапынан түпкілікті шешім қабылдау сатысында. «Бәйтерек» холдингі мыңнан астам өтінімді қарады. Екінші кезеңде жалпы сомасы 300 млрд теңгеден асатын 144 жоба келісілді. Оның ішінде 89-ы – Қазақстанның даму банкі мен екінші деңгейлі банктер арқылы тікелей кредиттеу тетігі бойынша, 55-і – Қазақстандық тұрғын үй компаниясы арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу тетігі бойынша мақұлданды. Су жабдықтау саласында заманауи есепке алу жүйелерін енгізу үшін есепке алу құралдарына қойылатын стандарттар әзірленді. Құжаттар Әділет министрлігінде тіркеуден өтуде. ЭКСЖ электрондық сатып алу платформасының жұмысы бойынша байланыс орталығы (8 7172 99-94-36) ашылды. Іске қосылған сәттен бастап 800-ден астам өтініш тіркелді. Қазіргі уақытта ЭКСЖ-ның электрондық платформасын Bitrix жүйесімен интеграциялау аяқталуға жақын
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-audan/press/news/details/1175838?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау