ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінің отырысында көктемгі су тасқынына дайындық барысы талқыланды.
Оған қала, аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Жиында өңірдегі көктемгі су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық барысы сөз етілді.
ШҚО жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Нұрлан Махамбетовтың айтуынша, бүгінде гидрологиялық жағдай тұрақты. Барлық гидропосттарда су деңгейі сыни белгілерден төмен.
«Жалпы облыста 8,5 мың адам тұратын 71 елді мекенде су тасқыны қаупі бар. Жол карталары, инженерлік жұмыстар жоспары және басқа да бағдарламалар шеңберінде жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардың нәтижесінде 16 елді мекенде су басу қаупі жойылды, 50 ауылда азайтылды, 5 елді мекенде әлі сақталып отыр. Өңір бойынша 328 мың текше метр қар шығарылып, су тасқынына қарсы жұмыстар 90%-ға орындалды», – деді ол.
Баяндама жасаған ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов Қара Ертіс, Үлбі, Бұқтырма, Күршім, Абылайкит, Ақсу өзендерінде мұз кептелуінің қаупі бар екенін жеткізді.
«Жоғары қауіп аймағына Алтай, Глубокое, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Ұлан, Үлкен Нарын аудандары жатады. Орташа қауіпке Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласы енгізілген. Су басу қаупі бар әр елді мекен бойынша жергілікті атқарушы органдардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар бөлімшелерінің жауапты тұлғалары бекітілді. ТЖД-ның және азаматтық қорғау қызметтері құрамаларының 3600-ден астам адамнан тұратын, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпамен қамтамасыз етілген күштері мен құралдары сақадай сай», – деді департамент бастығы.
Ал ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Құмарова жолдардағы ахуалды тілге тиек етті.
Республикалық маңызы бар жолдарда су тасқыны қаупі бар бес учаске анықталды. Төтенше жағдайлар туындап жатса адамдармен және арнайы техникамен толық қамтамасыз етілген жедел әрекет ету жасағы әзір тұр. Қызмет көрсетуші кәсіпорындарда қысқы кезең басталғалы бері тәулік бойы жұмыс істейтін диспетчерлік қызметтер ұйымдастырылған.
Нұрымбет Сақтағанов аудан мен қала әкімдеріне тиісті мекемелермен бірлесіп елді мекендердегі қарды жедел түрде шығаруды ұйымдастырып, өзендердегі су деңгейін тәулік бойы бақылау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жағалауларды нығайтуға және суды бөгеуге қажетті инертті материалдар дайындалуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1184700?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау