Ақтөбе қаласындағы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін мектепте «Қалдықсыз қоғам» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өтті.
Бастамаға «Экомектеп» жобасы, «Экоәлем» үйірмесінің оқушылары және мектеп парламентінің «Экология» фракциясы қатысты. Олар бірлесіп, оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.
Жылдық жоспарға сәйкес мектепте бірқатар іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, «Экоәлем және мен!» байқауы, «Таза Қазақстан – болашақ ұрпаққа жасыл ел қалдырудың негізі» тақырыбында тәрбие сағаттары, «Мектептегі бір гүлім» акциясы және «Экология – ел тағдыры» пікірсайысы ұйымдастырылған. Сондай-ақ оқушылар республикалық «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және туған жердің тазалығына бейжай қарамауға тәрбиелеу.
Акция аясында оқушылар қоқысты сұрыптау, мектеп аумағын тазалау, көгалдандыру, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарымен айналысты. Сонымен қатар су мен ауаны қорғау бағытында да түсіндіру шаралары жүргізілді.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыруға және табиғатты қорғау мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Айта кетейік, «Қалдықсыз қоғам» қағидаты қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады. «Таза Қазақстан» – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1191007?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау