Дала философиясы: AlmaU-де «Ұлы Дала Академиясы» ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда ,

2026 жылғы 24 сәуірде Almaty Management University-де (AlmaU) «Ұлы Дала Академиясы» ғылыми орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Заманауи жаһандық сын-қатерлер жағдайында дала өркениетінің мұрасын қайта пайымдауға бағытталған жаңа зияткерлік алаң ғалымдарды, оқытушыларды, мәдениет қайраткерлерін және қоғамдық көшбасшыларды біріктіретін пәнаралық диалог кеңістігі ретінде құрылды.

Іс-шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Қазақстанның академиялық қауымдастығының өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты. Қатысушылар қатарында тарихшылар, философтар, әлеуметтанушылар, антропологтар, оқытушылар, жазушылар және халықаралық зерттеушілер болды.

Қонақтарға құттықтау сөз сөйлеген AlmaU негізін қалаушы әрі президенті Асылбек Кожахметов орталықтың дәстүр мен болашақты тоғыстыратын маңызды диалог алаңы екенін атап өтті.

“AlmaU – Қазақстанның ең көне жеке университеті және еліміздің алғашқы бизнес мектебі. 2028 жылға дейінгі даму стратегиясында біз Орталық Азияның зияткерлік хабына айналу мақсатын қойдық және осы стратегияның өзегінде трансформациялық гуманитарлық ғылымдардың бағыты тұр. Біз мәдени мұраны заманауи білім беру және қоғамдық тәжірибеге айналдырғалы тұрмыз: оқу бағдарламаларына, жастар көшбасшылығына, қоғамдық пікірталасқа, шығармашылық индустрияларға”, – деді Асылбек Кожахметов.

Іс-шара барысында бүгінгі таңда ғылыми қоғамдастықтың алдында Ұлы даланың бай мұрасы туралы айтып қана қоймай, оны болашақтың білім беру және зияткерлік ресурсына айналдыра отырып, осы мұраны заманауи ғылыми тілге аудару міндеті тұрғаны атап өтілді. Дәл осы мақсатта “Ұлы Дала Академиясы” орталығының қызметі үш негізгі зерттеу бағытының айналасында құрылатын болады. Бірінші бағыт – “далалық философия” тұжырымдамасын әлем мен ондағы адамның орнын түсінудің тұтас жүйесі ретінде дамытумен байланысты. Екіншісі – ”далалық ойлау” уақытты, қозғалыс пен тепе-теңдікті қабылдаудың ерекше тәсілі ретінде қарастырылатын далалық ойлау. Үшінші бағыт – “далалық басқару” көшбасшылық қоғам мен қоғамдық қатынастарды ұйымдастырудың тарихи қалыптасқан үлгісі ретінде.

Сондай-ақ, қазіргі заманның экологиялық сын-қатерлері жағдайында жерге және табиғи тепе-теңдікке деген дәстүрлі көзқарас ерекше өзектілікке ие болатыны, ал жаһандық тұрақсыздық дәуірінде тұрақты қозғалыста тұрақтылықты сақтай білген қоғамдардың тарихи тәжірибесіне қызығушылық арта түсетіні атап өтілді.

Бағдарламаның айрықша сәттерінің бірі – көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың немересі Чинара Айтматованың сөзі болды. Ол Орталық Азия халықтарының гуманитарлық ынтымақтастығының маңызын, түркі әлемінің рухани мұрасын және өңір елдері арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы білімнің рөлін атап өтті. Білім, ғылым және халықаралық гуманитарлық диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін Чинара Айтматова Оразақ Смағұлұына, Асылбек Кожахметовке, Дидар Амантай мен Жұмажан Байжуминге Шыңғыс Айтматов атындағы медальдарды табыстады.

«”Ұлы Дала Академиясының” ашылуы – бұл ғылыми орталықтың құрылуы ғана емес, сонымен бірге біздің ортақ тарихи жадымыздың жаңғыруының символы. Ұлы Дала мұрасы қазіргі ұрпақтың мәдениетінде, құндылықтарында және санасында өмір сүруді жалғастыруда. Бүгінгі таңда ата-бабаларымызды құрметтеу және болашақ алдындағы жауапкершілікті білу өте маңызды. Тез өзгеріп жатқан әлем жағдайында Түркі халықтарының бірлігі мен интеграциясы ерекше маңызға ие. Ортақ рухани негізге, өзара қолдауға және бір-біріміздің алдындағы жауапкершілік сезіміне сүйене отырып, біз уақыттың қиындықтарына лайықты жауап бере аламыз », – деді Чинара Айтматова.

Салтанатты рәсім аясында отандық ғылымның, білім беру саласының дамуына және тарихи-мәдени мұраны сақтауға зор үлес қосқан аға буын ғылыми қауымдастық өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді. Көпжылдық адал еңбегі, жоғары академиялық жетістіктері және өз ісіне берілгендігі үшін көрнекті ғалым Оразақ Смағұлұлына естелік сыйлықтар мен алғыс белгілері табысталды.

“Көптеген жылдар бойы зерттеулермен айналысып, тіпті генетикалық деректер негізінде де қазақ халқының шығу тегінің ерекшеліктерін байқауға болатының растадым. Бұрынғы кездерде жазбаша дереккөздер мен фактілердің жеткіліксіздігіне байланысты біздің тарихымыздың тереңдігін жоққа шығарғандар болды. Алайда бүгін әлемдік ғылыми қауымдастық біздің тамырымыздың ежелгі дәуірін және тарихи сабақтастықты мойындайды. “Ұлы Дала Академиясы” да уақыт өте келе әлемге ұлы даланың бай мұрасын ұсынатын танымал халықаралық орталыққа айналатынына сенімдімін”, – деп атап өтті антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы академигі Оразақ Смағұлұлы.

Бағдарламаның жеке бөлімі ретінде тарихшы, профессор Жұмажан Байжуминнің тарихи жады мен ұлттық мұра мәселелеріне арналған «Түркілер: шығу тегі және тарихи миссиясы» атты жаңа жинағының таныстырылымы өтті. Ғалым өзінің бес томдық еңбегін AlmaU-ға сыйға тартып, студенттер мен зерттеушілердің іргелі ғылыми материалдарға ашық қолжетімділігінің маңызын атап өтті.

Орталық жұмысының негізгі бағыттарының бірі – көшпелі өркениеттің тарихи тәжірибесін көшбасшылық, басқару және қоғамдық даму мәселелерімен ұштастыратын жаңа гуманитарлық парадигма – «Дала ойлау философиясын» дамыту болмақ. Нұржан Құлымжанов «Дала ойлауы» тұжырымдамасын таныстырып, онда көшпелі өркениеттің дүниетанымдық дәстүрлері мен олардың қазіргі дәуірдегі өзектілігі қарастырылғанын атап өтті.

“Далалық ойлау концепциясының методологиясын шығару үшін далалық ойланудың өзінің категориялық тезаурасын белгілеу керек. Далалық ойлаудың категориялық тезаурасы  түркі-қазақ дүниетанымындағы ауқыт, кеңістік, жол, дер, қоныс, құт, кие, аманат сияқты негізгі үғымдардың өзара баланысын ашатын мәдени-философиялық жүйе”, – деді «Ұлы Дала Академиясы» орталығының директоры, философия докторы (PhD) Нұржан Құлымжанов.

Панельдік пікірталас барысында бірегейлік, тарихи жады, мәдени мұра және гуманитарлық ғылымды дамыту перспективалары мәселелері талқыланды. Панельдік сессияға Қалнұр Ормушев, “Қырғыз-өзбек гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық қоғамы” қоғамдық бірлестігінің директоры; Айгүл Сәдуақасова, Қақазстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің Ғылым комитетінің “Философия, саясаттану және дінтану институтының” бас директоры; Жұмажан Байжумин, тарихшы, Қазақ спорт және туризм академиясының профессоры; Дидар Қосылбеков, жазушы, сценарист, журналист, қоғам қайраткері; Шолпан Ибжарова, философия ғылымдарының кандидаты, Social Sciences and transformative humanities school, AlmaU қауымдастырылған профессоры қатысты.

“Далалық ойлау – дайын жабық теория емес, үлкен ғылыми болашағы бар ашық концепт. Менің ойымша, “Ұлы Дала Академиясы” және біздің университетте жүзеге асырылып жатқан “Толық адам” бағдарламасы ауқымды зияткерлік идеяға бірігіп, заманауи білім беру моделіне айналуы мүмкін ”, – Шолпан Ибжарова.

Ашық пікірталас барысында қатысушылар жаңа орталықтың қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге, ғылыми зерттеулерге, бірлескен жобаларға жәрдемдесуге және гуманитарлық білімді ілгерілетуге дайын екендіктерін білдірді. Мұндай алаңды құру әртүрлі бағыттар мен ұрпақтардың зерттеушілерін біріктіру үшін кең мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Талқылауда семиотика, көне түркі жазуы және руникалық мұра мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар руникалық мәтіндерде ата-бабалардың дүниетанымы, тілі, тарихы мен құндылықтары туралы білімнің едәуір қабаты бар екенін және оларды зерттеу білім беру мен ғылыми мазмұнның маңызды көзі бола алатындығын атап өтті. Бұл ескерткіштерде қазіргі білім беру бағдарламасының іргелі элементтерімен салыстырылатын негізгі білім көрсетілгені атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Ұлы Даланың өркениеттік мұрасын жүйелі зерделеудің маңызын, сондай-ақ гуманитарлық зерттеулерді заманауи білім беру және халықаралық үдерістермен ықпалдастыру қажеттігін атап өтті.

«Ұлы Дала Академиясы» орталығының ашылуы академиялық қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналып, XXI ғасырдың жаһандық сын-қатерлері жағдайында Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасын зерттеуді дамытудағы маңызды қадам болды.


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді