Алтай форелі – ШҚО-ның жаңа брендіне айналуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Алтай ауданы Ермаковка ауылында орналасқан «Гранд Фиш» кәсіпорны. Форель өсіру жобасы өңірді сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсімге серпін беруде.

Балық шаруашылығы 2017 жылы Ертіс өзенінде іске қосылды. Сол кезде мұнда 60 мың дана форель шабағы жеткізілді. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ балықтың тез өсімі байқалып, бұл өндірісті кеңейтуге негіз болды. 2021 жылға қарай кәсіпорында әртүрлі көлемдегі 50 тор орнатылып, жылына 2 миллион дана уылдырық өндіретін инкубациялық цех іске қосылды. Бұл шаруашылықты толықтай өз шабағымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінде кәсіпорын салмағы 4 келіге дейін жететін форель өсіреді. Өткен жылы 460 тонна өнім өндірілсе, алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 1300 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. «Алтай форелі» брендімен шығарылатын өнімдер Қазақстан нарығына шығып, облыс орталығындағы арнайы дүкендерде сатылуда.

Кәсіпорын жұмысы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановқа таныстырылды. Ол өндіріс процесімен, жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысып, жобаның әлеуетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – Еуропадан әкелінетін жем-шөп екені атап өтілді. Қазіргі таңда шығындардың шамамен 80 пайызы осы жемге кетеді. Осыған байланысты жемді жергілікті жерде өндіру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Мамандардың пікірінше, мемлекеттік қолдау болған жағдайда жоба ауқымын кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, мұндай бастамалар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, отандық брендтердің дамуына жол ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1213073?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version