– 2026 жылғы 3 мамыр, Лондон. Қазақстан Астанада өтетін 2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатының тұжырымдамасын Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF AGM) отырысында таныстырды. Қазақстан делегациясының баяндамасы 220-дан астам ұлттық федерация өкілдерінің алдында өтіп, күн тәртібіндегі негізгі оқиғалардың біріне айналды.
Қазақстан тарапы турнирді өткізуге жан-жақты дайын екенін көрсетті – заманауи спорт инфрақұрылымынан бастап тиімді ұйымдастырушылық шешімдерге дейін дайын. Әсіресе, Астананың бүгінгі келбеті мен халықаралық жарыстарды өткізуге әлеуетін таныстырған арнайы бейнеролик көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Таныстырылым залдың қызу ықыласы мен қошеметіне ие болып, әлемдік спорт қауымдастығының жоғары қызығушылығын айқындады. Жиынға ITTF басшылығы, ұлттық федерациялар делегаттары және үстел теннисінің халықаралық өкілдері қатысты.
«Осындай беделді халықаралық алаңда Қазақстан атынан сөз сөйлеу – біз үшін үлкен мәртебе. Астана бұл әлем чемпионатын жаңа стандарт деңгейінде өткізетініне сенімдіміз», – деді қазақстандық делегация өкілдері.
Іс-шара аясында шетелдік қонақтарға чемпионаттың арнайы брендтелген өнімдері де таныстырылды. Бұл қазақ халқының қонақжайлығы мен ұлттық болмысын айшықтайтын ерекше белгі болды.
«Қазақстан сенімділік, жүйелі көзқарас және жоғары дайындық деңгейін көрсетіп отыр. Біз Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатын үлкен қызығушылықпен күтеміз», – деп атап өтті Халықаралық үстел теннисі федерациясы өкілдері.
Еске сала кетейік, Қазақстан 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын 2025 жылы Катар астанасында өткен ITTF-тің көпсатылы әрі тартысты іріктеу қорытындысы бойынша жеңіп алды. Байқауға Қазақстанмен қатар Франция, АҚШ, Бразилия және Қытай қатысты. Финалдық кезеңде Қазақстан мен Франция бақ сынасып, еліміз 54,68% дауыс жинап, 45,32% көрсеткішке ие болған Францияны басып озды.
Бұл шешім өңір үшін тарихи маңызға ие: алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионаты Орталық Азияда өтеді. Астанадағы бұл турнир спортты дамытуға, елдің халықаралық беделін нығайтуға және елорданы әлемдік деңгейдегі ірі іс-шаралар өтетін орталық ретінде танытуға зор серпін бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1214426?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау