Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен мәжілісте өткен жылыту кезеңінің қорытындылары және алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды. Мәжілісті бастамас бұрын аудан басшысы алдымен орын алған кадрлық өзгерістерге тоқталып өтті. Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, 2026 жылдың 3 мамыры күні өткен Бірлік ауылдық округі әкімінің сайлауының қорытындысы бойынша ауыл халқының басым дауысына ие болып, Бірлік ауылдық округінің әкімі болып сайланған Аман Бауыржан Толықболұлын мәжіліске қатысушыларға таныстырып өтті. Мұнан кейін аудан әкімі негізгі мәселелерге көшіп алдағы жылыту маусымына дайындық, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы және санитарлық тазалық мәселелеріне тоқталды. Аудан әкімі өткен 2025-2026 жылғы жылыту маусымының тұрақты өткенін атап өтіп, ендігі міндет – алдағы қысқы маусымға сапалы дайындық жүргізу екенін айтты. Осыған байланысты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы, қатты отын қорын уақытылы жасақтау, көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйелерін ретке келтіру және коммуналдық мекемелердің жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтау жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Осы ретте аудандағы газдандыру жұмыстарының қарқынына тоқталып, биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Үрмәш Түктібаев ауылдарын табиғи газға қосу жоспарланып отырғанын айтып, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттарды да газға бейімдеу жобаларын жеделдетуді тапсырды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру болды. Мәжілісте аудан басшысы Қазалы қаласындағы «Шағала» балаларды сауықтыру лагерінің қазіргі жағдайы сынға алынып, лагерь аумағын тазалау, ғимараттарды ретке келтіру және балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету бойынша жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын ескертті. Бұдан бөлек, көктемгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы қаралып, жоспардың төмен деңгейде орындалып отырғанын сынға алды. Ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекеме басшыларына әскерге шақырылушыларды нақтылау, шақыру қағаздарын табыстау және медициналық тексеруден өткізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мәжіліс соңында аудан аумағындағы санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру, түнгі жарықшамдар мен қоғамдық орындардың жай-күйі бойынша кемшіліктер айтылып, барлық кент, қала және ауыл әкімдеріне тазалық жұмыстарын жүйелеу жөнінде тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-kazaly/press/news/details/1215065?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау