Құрамында хлорпирифос бар пестицидтер мен инсектицидтерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, қолдануға және өткізуге уақытша санитариялық шараларды енгізу туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 6 наурыздағы № 5-ПГСВ қаулысымен құрамында хлорпирифос әсер етуші заты бар пестицидтер мен инсектицидтерді әкелуге, қолдануға және өткізуге уақытша санитариялық шаралар енгізілді. Аталған шаралар халық денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны сақтау және Қазақстан Республикасының тұрақты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында қабылданды.

Тыйым салуды енгізуге тұрақты органикалық ластағыштарды қарау жөніндегі комитеттің хлорпирифосты өндіруге және әкелуге тыйым салынатын химиялық заттар тізбесіне енгізу туралы шешімі негіз болды. Осыған байланысты 2026 жылғы 13 сәуірден бастап Қазақстан аумағында құрамында хлорпирифос бар барлық препараттарды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ олардың айналымына рұқсат беру құжаттары мен санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар беру тоқтатылды.

Қаулыға сәйкес:

Қазақстан Республикасының аумағына құрамында хлорпирифос бар пестицидтер мен инсектицидтерді әкелуге тыйым салынады;
аталған препараттарды ауыл шаруашылығында және өзге де салаларда қолдануға тыйым салынады; оларды өткізуге, сақтауға және таратуға тыйым салынады; бұрын әкелінген өнім қалдықтарына тексеру жүргізіледі;
2026 жылғы 17 желтоқсаннан бастап бұрын берілген рұқсат құжаттары кері қайтарылады.
Қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне жүктелген.
Қабылданған шаралар хлорпирифостың адам денсаулығына тигізетін зиянды әсерін төмендетуге, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға және елдің агроөнеркәсіптік кешенінде өсімдіктерді қорғаудың қауіпсіздеу құралдарына кезең-кезеңімен көшуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-akkuly/press/news/details/1215053?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version