Абай облысында интернет-алаяқтыққа қарсы ауқымды жұмыстар жалғасуда. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша тіркелген интернет-алаяқтық факілері 22%-ға төмендеп, 377-ден 294-ке азайды. Қылмыстардың ашылу деңгейі 16%-ды құрады.
Бұл төмендеу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2026–2028 жылдарға арналған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында Абай облысы Полиция департаменті жүргізіп жатқан жүйелі профилактикалық және жедел жұмыстардың нәтижесі болды.
Халықты ақпараттандыру мен алдын алу шараларына ерекше назар аударылуда.
Облыс тұрғындарына алаяқтардың кең таралған тәсілдерін түсіндіретін 58 мыңнан астам профилактикалық жадынама дайындалып, таратылды. Әлеуметтік желілерде арнайы алаяқтыққа қарсы жарнама іске қосылып, «cyberpol.abai» Instagram-парақшасында интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы күн сайын өзекті ақпарат жарияланып келеді.
Полиция қызметкерлері халықпен тікелей жұмыс жүргізуде — профилактикалық акциялар стадиондарда, сауда үйлерінде, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ бұқаралық іс-шаралар өткізілуде. Ақпараттық материалдар облыс аумағындағы LED-экрандар мен билбордтарда көрсетілуде.
Жастармен жұмыс та қатар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, оқу орындарында дәрістер мен кездесулер ұйымдастыруда. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейхан университеті, Семей медицина университеті, Шәкәрім университеті, «Қайнар» университеті және облыс колледждері қамтылған.
Бүгінде интернет-алаяқтықпен күрес — тек қылмысты ашу ғана емес, сонымен қатар жаңа құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған күнделікті жұмыс. Әрбір алдын алынған алаяқтық — азаматтардың сақталған қаражаты, олардың құқықтары мен цифрлық қауіпсіздікке деген сенімінің қорғалуы.
Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарды қырағы болуға, бөгде адамдарға растау кодтарын, банк карталарының деректерін бермеуге және мессенджерлердегі күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1218930?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау