Экология – бұл тренд емес, әр буынның ортақ жауапкершілігі!
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының аясында 2026 жылдың 5-6 мамыр аралығында Қарағанды облысында ауқымды экологиялық акция – «Road-эстафета» өтті. 🚛♻️
Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жоба аясында жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа және мәдени мұраға деген жауапкершілікті арттыруға ерекше назар аударылды.
Акция барысында Қарағанды қаласы – Ынталы – Матақ – Көктас – Қарқаралы ауданы бағытындағы арнайы нүктелерде тазалық жұмыстары жүргізіліп, жол бойындағы аумақтар қоқыстан тазартылды.
Іс-шараға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар, волонтерлер, студенттер және қоғамдық ұйым өкілдері белсенді қатысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты. Аталған акция жастар арасында экологиялық сана мен қоғамға деген жауапкершілікті нығайтуға үлкен серпін берді.
Эстафета соңында қатысушыларға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, белсенді жастар салтанатты түрде марапатталды.
Екі жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бұл жоба қоршаған ортаны қорғау бағытындағы игі дәстүрге айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-zhastar/press/news/details/1220485?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау