Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округіндегі «Eurasia Agro Semey» ЖШС-нің салынып жатқан ет комбинатында болды.
Кәсіпорынның негізгі бағыты – етті қайта өңдеу, консервілеу және азық-түлік өнімдерін өндіру. Өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 100 бас ірі қара мал, 1 000 бас ұсақ мал союға, 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Жалпы өндірістік қуаттылығы – 11 400 тонна дайын өнім.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 7,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Нысанды тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 50 жұмысшы мен 10-нан астам техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех және қазандық бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін 250 жаңа жұмыс орны ашылады.
Аймақ басшысы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды көбейту маңызды екенін атап өтті.
«Ет комбинатының орыны өте жақсы таңдалған. Облыс орталығынан 60-ақ шақырым жерде. Су, жол, электр қуаты бар. Облыс қана емес, Республика деңгейінде мұндай ауқымды ет комбинаты жоқ. Бұрынғы Семей ет комбинатының брендін енді осы инвестор қайта жаңғыртамын деп отыр. Біз оған үлкен сенім білдіреміз. Оның үстіне бұл қалдықсыз өндіріс болады. Сондай-ақ сүйек майы алынып, терісі де өңделетін болады. Мердігерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, мерзімінде аяқтауды тапсырамын», – деді Берік Уәли.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1227053?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау